«Оңай олжа» бағдарламасына қатысқысы келетіндер көп
КТК есебінен тегін киініп, техника алушылар көбейді. Небәрі үш тәуліктен кейін эфирге шығатын «Оңай олжа» шоуына қатысам деушілердің саны күн санап емес, сағат сайын артуда. Қарапайым көрермендер түгілі, тіпті танымал жұлдыздар да «оңай олжаға» таласа киініп жатыр. Еліміздің ең ірі сауда орталығында жүріп жатқан тартысқа толы шоппинг бәйге туралы келесі бейнематериалда.
Автор: Аруна Ортай
18.12.2014
- 250 мың теңге немесе бір сөзбен айтқанда 1 мың 400 доллар. Міне осыншама ақшаға Сіз еліміздің ең ірі сауда орталығындағы кез-келген бутиктен қалаған затыңызды сатып алып, үйіңізге алып қайта аласыз. Мұндай қайталанбас мүмкіндікті сізге КТК арнасынан жаңадан ашылып жатқан «Оңай олжа» бағдарламасы беріп отыр. Ендеше, өз мүмкіндігіңізді жіберіп алмаңыз!
250 мың теңгені КТК арнасы қолыңызға ұстатады. Сіздің тапсырмаңыз тура 1 сағаттың ішінде оны түгел жарату. Танымал тележүргізуші, әрі әнші Нұрлан Еспанов ол үшін бүкіл отбасын ала келіпті.
-Мынау қызыма. Мынау да мына қызыма.
Еспановтар 1 сағаттың ішінде бар ақшаны жаратып үлгерді. Алып дүкен ішін шыр айналып жүгіремін деп әнші ентігіп те қалыпты.
Нұрлан Еспанов, әнші:
- «Оңай олжа» десе, оңай олжа екен мынау. Тек қана жүгіреді де жүреді екенсің. 1 сағаттың ішінде керекті затты алу керек екен. Мен өзіме шұлық та алған жоқпын. Барлығын бала-шағам өздері таңдап алды. Қыздарым таңдап алды. Енді көреміз енді. Бастысы енді бұны алып кете аламыз ба, алып кете алмаймыз ба?
Аяқтан сүрініп жүріп таңдап алған тауарын алып кету үшін Еспановтар енді 5 сұраққа жауап беруі тиіс. Сыннан сүрінбей өтсе ғана отбасы су жаңа киімдерді олжалап кете алады. Сұрақтардың барлығы арнайы студияда қойылады.
Толқын Сейдоллақызы, продюсер:
-Бұл қандай бағдарлама біз де қатыссақ, біз де ұтып алғымыз келеді, біздің де қанжығамыз майланып қайтса деген тілек ниеттерін білдіріп жатыр. Бағдарлама эфирге шықпай тұрып халықтың ықыласы, ниеті, тілегі, пейілі жаман емес.
Небәрі 8 күннің ішінде 16 отбасы «Оңай олжа» шоуына қатысып, үйіне олжалы оралған. Ойыншылардың көбі аса қымбат ұялы телефон, тұрмыстық техника мен атақты дизайнерлердің киімдерін таңдайды екен. Шоуға қатысуға кез-келген азаматтың мүмкіндігі бар. Ол үшін КТК арнасының сайтына кіріп, жазылса болғаны.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!