Шымкенттік ғалым оқушыларға Мусин, Тілеухан секілді тұлғалардың өмірбаянын жаттатуды ұсынды
Шымкенттік этнолог орта және жоғары білім беру мекемелеріне «Тұлғатану» пәнін енгізуді ұсынып отыр. Профессор Аюбай Құралұлы оқушылар бірінші сыныптан университет бітіргенге дейін Абылайхан мен Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап Аслан Мусин, Бекболат Тілеухан сияқты азаматтардың өмірбаяндарын білулері қажет дейді. Бұл үшін он мыңға жуық адам туралы көптеген кітап құрастырған. Мұны мектеп мұғалімдері де қолдап отыр.
Автор: Бек Әбиев
16.02.2015
25 жылдан бері этнологияны зерттеп жүрген ғалым Аюбай Құралұлы қазақтан шыққан хандар мен батырлардан бастап, өнер жұлдыздары мен спортшыларды да оқулыққа енгізбекші. Он мыңға жуық танымал адамдарды зерттеп шыққан ол 70 кітапқа 2700 тұлғаны сыйдырған.
Аюбай Құралұлы, этнолог-ғалым:
-Теледидарда, жалпы медиада ғалымдар туралы мақала аз, екінші олар туралы бағдарлама жоқ. Бәрі сол шоу-бизнесті насихаттау.Ал ғалымдарды насихаттайтын кім? Ешкім жоқ.
Өзі «Тұлғатану» деп атаған пәнінен тіпті, істі болып отырған экс-премьер Серік Ахметов туралы да біле аласыз. Әзірге бұл пән Аюбай Құралұлының өзі дәріс беретін педагогикалық институт студенттеріне қосымша сабақ ретінде оқытылып жатыр. Нәтижесіде жаман емес дейді педагог.
– Мынау Сүгір Әлиұлы, мынау Кенже Назарұлы.
Ал мектеп мұғалімдері этнологтың бастамасын бізден естісе де бірден құптай кетті. Тек қазір мектептерге берілген сағат тарихи тұлғалар түгілі маңызды уақиғаларды түсіндіруге де жетпейтінін алға тартуда.
Сәкен Оразбаев, тарих пәнінің мұғалімі:
-Мысалы біз тарихта тоқталып өтеміз ғой оларға, бірақ жәй тоқтап-тоқтап өтіп кетеміз Ал, бірақ арнайы сағат болса мысалы өзіміз бәрін үлгереміз деп ойлаймын. Қосымша саға бөлсе қиын болады. Арнайы сағат бөлу керек.
Қарапайым ұстаздар қолдап отырған оқулық тек шенеуніктердің назарына бір ілінбей қойды. Енді Аюбай Құралұлы бұл ғылыми еңбегін жаңалық ретінде 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне шығармақ. Әйтпесе, өкінішке орай өскелең ұрпақ Абайдан гөрі Тиматиді, Қаныштан гөрі Бейонсті танитын хәлге жетті дейді ұстаз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!