Келімбетов жұрттың зейнетақы қорындағы ақшасын қарыз ретінде үлестірмек
Жұрттың жылдар бойы тірнектеп жиған зейнетақы қорындағы миллиардттары несиеге берілмек. Қаржы бірінші кезекте коммерциялық банктерге үлестірілгелі жатыр. Сөйтіп, бюджет кірісі 40 пайызға азайған Үкімет тұралай бастаған экономиканы әлдендірмек. Әлемдегі мұнай бағасының құлдырауынан Ұлттық банк адамдардың қалтасына түсуінен басқа жол таппағандай. Әншейінде Келімбетовты жағадан алатын депутаттар бұл мәселеге келгенде үнсіз қалды.
Автор: Жәудір Оразхан
21.10.2015
Алматы мен Астана арасында ұшақпен жиі қатынап жүрген Келімбетов бүгін тағы алқынып Мәжіліске келді. Келді де, депутаттарды елең еткізіп салымшылардың зейнетақы қорындағы миллиардттарды экономикаға салмақ ойын айтты. Яғни, Ұлттық банк төрағасы дағдарыс кезіндегі қаржылық қиындықтарды қарапайым адамдардың есебінен шешпек ниетте.
Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:
-Үкіметпен бірлесіп экономиканы несиемен қамту мәселесін қарастырып жатырмыз. Биыл, келесі жылы Біріңғай зейнетақы қорынан алынған қыруар қаржы банк, тұрғын үй құрылысына және басқа да секторларға жұмсалуы мүмкін.
Келімбетов қордан нақты қанша қаржы несиеге берілетінін ашып айтқан жоқ. Жұрттың тірнектеп жиған теңгесін банктерге таратып берген соң оны кімнің қайтаратынын да жауапсыз қалдырды. Есесіне Астананы халықаралық қаржы орталығына айналдыруға қатысты жоспары үлкен. Тіпті жұмсалатын қаржының әр тиынына дейін есептеп қойдым дейді бас банкир.
Қайрат Келімбетов, Ұлттық банк төрағасы:
-Астанада қаржы орталығын құру үшін қазынадан ақша бөлінбейді. Тек Ұлттық банктен екі жылға 6 млрд теңге жұмсалады. Ал, шетелдік инвесторлар келген соң, орталық өз шығынын өзі өтейді.
Келімбетов ақша жұмсаудан алдына жан салмаса, Досаев бүгін депутаттарға алақан жайып келген. Экономика министрі тұрғындарды бизнеске үйрету үшін халықаралық ұйымдардан 40 млн доллар қарыз алайық деп ентіккен еді. Алайда, сөз естіп тынды.
Розақұл Халмұрадов, Мәжіліс депутаты:
-Бүгінгі осындай қиын жағдайды осыған баруға бола ма? Жол салуға, мектеп салуға амал жоқ алсақ, бұл қажет. Ал, біреулерді оқытуға қарыз алған қажет пе?
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-Болашақта министрліктер жалпы қарыз алуды тоқтату керек. Ұрламау керек бюджеттегі ақшаны, өз мүддесіне жұмсамау керек. Сонда бәрі жетеді бізде. Министрліктерде намыс деген болу керек.
Яғни, депутаттар министрліктің алған қарызын түбінде мемлекет қайтарады деп шырылдап отыр. Бірақ, Досаев алған бетінен қайтпады.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Біз бірініш рет несие алып отырған жоқпыз. Барлық алынған кредиттер 100 пайыз қайтардық.
Осылайша сырттан қарыз алуға қарсылық білдіріп, депутаттар біраз қызыл кеңірдек болғанымен Экономика министріне қатаң ескерту жасады да, соңында заң жобасын бекітіп берді. Досаевқа қарағанда мәжілісмендердің айқайынан аман шыққан Келімбетов көңілді. Бас банкирдоллардан бөлек мұнай бағасына болжам жасады. Айтуынша, мұнайдың құны 5 жылдың ішінде қайта қымбаттайды екен. Теңге сол кезде ғана тұрақтауы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!