Оңтүстікте жұрт мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп өтірікті соққан келіншекке алданып қалды
Оңтүстік Қазақстанда мемлекеттік бағдарламаның атын жамылған келіншек мұқтаж жандарды тақырға отырғызып кетті. Үкімет миллиондап теңге беріп жатыр деген Сая Беспаева Кентау қаласының өзінен 90-ға жуық адамды алдаған. Ол үшін алдымен ақша жинау керек деген әйел жарымжан азаматтардың әрқайсынан 13 мың теңгеден алып кетіпті. Енді алданған тұрғындар жергілікті полициядан бастап, Астанаға дейін шағым жазса да ақшаларын қайтара алмай жүр.
Автор: Бек Әбиев
22.01.2016
Жылап-сықтап тұрған бұл топтағылардың бірі жесір, бірі мүгедек енді бірі жарымжанды асырап отырғандар. Жарты жыл бұрын Сая есімді келіншек Кентаудағы ғаріп жандарды мейрамханаға жиып қуанышты хабар жеткізген. 13 мың теңгеден берсеңдер мемлекеттік бағдарлама бойынша 90 мың мен млн теңге аралығында қаржыға кенелесіңдер деп ант-су ішіпті. Тіпті ақшаны алғаны жөнінде түбіртек те берген.
Рәбия Өтепова, екінші топтағы мүгедек:
-Одан кейін миллиондап ақша бердік. Өздеріңіз кәсіпкерлікпен айналысам десеңіздер қолдаймыз деген соң бергем.
Зәмира Райымқұлова, Кентау қаласының тұрғыны:
-Маған 13 мың теңге деген өте үлкен ақша. Мен кішкентай 3 бала-шағамды бір әлеуметтік немен ғана асыраймын. 5 жылдан бері жесір әйелмін.
Мол пайдаға кенелеміз деп жер сипап қалған кентаулық 89 жесір мен мүгедек жарты жылдан бері полицияны жағалап жүр. Бірақ еш нәтиже жоқ дейді ашынған жұрт.
Дүйсенәлі Жүсіпов, бірінші топтағы мүгедек:
-Қайтарып, жазалансын. Өйткені бұл 2012 жылдан бастап алдап жүр екен жұрттарды, бұл өмір бойы жазаланбаса қайталай береді бұл әдетін. Бізді алдаса ертең бөтен адамдарды алдайды.
Алдап кетті деген Сая Беспаеваға жұрт тағы да телефон шалды. Алайда, әңгімелері ұрыс-керістен ары аспады.
- Қашан қайтарасыздар 8 ай болды.
–Мен сіздерге өз қалтамнан төлеп жатырмын. Мен бірақ, компанияға құйғам.
–Ешқандай төлеген жоқсыз ғой. Бір теңге де берген жоқсыз. Өз ақшамызды ала алмай жүрміз.
-Сізден басқа адамдар алып жатыр апай.
-Ешкім алған жоқ .
Ал, кентаулық полицейлер Сая Беспаеваны 4 айдан бері алаяқтық бабы бойынша тергеп жатырмыз дейді.
Мұрат Ермеков, Кентау қалалық ІІБ бастығының орынбасары:
-Аталған қыз, келіншек аталған күдікті ретінде ресми танылып, қылмыстық іс тергеліп анықталу сәтінде. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы оның жасөспірім баласы бар болуы ескеріліп, ешқайда кетпеу және өзін-өзі дұрыс ұстау қолхатында.
Қылмыстық іс аяқталуға жақын. Ал Сая Беспаеваға алданып,полицияға арыз жазғандар саны оннан да аспайды екен. Сондықтан погондылар жәбірленушілердің барлығы шағым жазсын деп отыр. Ал, сан соғып ақшасын ала алмай жүргендердің сөзінше Кентаудың өзінде 90-ға жуық адам бар болса, жалпы Оңтүстік Қазақстанда жәбірленушілердің ұзын саны 350-ге жетіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!