{metadescription}
Нұрсұлтан Назарбаев нағыз толеранттылықтың не екенін түсіндірді
Нұрсұлтан Назарбаев нағыз толеранттылықтың не екенін түсіндірді

Нұрсұлтан Назарбаев нағыз толеранттылықтың не екенін түсіндірді

Бүгін күллі Қазақстан  алғаш рет Алғыс айту күнін ерекше  тойлап жатыр. Жыл басында мемлекет басшысының жарлығымен бекітілген мейрам бойынша, халықтар бір-біріне әсіресе, қазақ жерінде өмір сүріп жатқан  өзге этностар мемлекет құраушы ұлтқа  алғыс айтып, зор құрмет көрсетуі тиіс. Сонымен қатар ренжіскен адамдар татуласуы керек. Бүгін айтулы мерекемен тұрғындарды құттықтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі әріптестерінен кешірім сұрағанын айтып ағынан жарылды. Қазақтарға жүздеген тілде айтылған «рақметті» тілшіміз Ербол Сейілхан да тыңдап келді.

-Осылайша бүгін Қазақстанда  тұратын жүздеген ұлт өкілдері қазақ халқына деген алғыстарын өз ана тілдерінде айтып жатты. Рақмет айтатын жөні бар. Себебі кезінде жер аударылып келген түрлі ұлттар қазақ жерінен пана тапты.

Кезінде өзі аш отырса да, өзгелерге бір үзім нанын бөліп берген қазақтар солардың  ешқайсысын өзектен тепкен жоқ. 20-шы ғасырдың басында 6 миллионға жеткен қазаққа сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болып қасақана  жер аударылған тағы 6 миллион ұлт қосылды. Тіпті зұлмат жылдары 2 бөлмелі үйде тұрған Назарбаевтар отбасы қаңғып келген 5 адамды бауырына басқан. Сондықтан Қазақстанда өсіп-өніп, үрім-бұтағы тараған әр этнос мемлекет құраушы ұлттың сол жанашырлығын ешқашан  ұмытпауы тиіс. Осы идеяның авторы Нұрсұлтан Назарбаев бұл алғыс білдіру  ғана емес, араздасқан жандардың татуласатын мерекесі екенін  айтты. Тіпті Елбасы өз әріптестерінен де  кешірім сұрағанын жариялап көпшілікті таң қалдырды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Адамдар бір-біріне қатты сөздер айтса, өкпесі болса, кешіруі  керек. Мен таңертең өзімнің әріптестерімнен кешірім сұрадым. Жұмыс бабында ұрсысып, көңілдерін түсірген болсам,бүгіннен бастап жаңа-қарым-қатынасты бастайық.

Президенттің бұл сөзіне, бағыныштыларының кәдімгідей іші жылып қалды.  Әлемде ұлтаралық, дінаралық қақтығыс өршіген тұста еліміздегі тыныштық пен татулықты көздің қарашығындай қорғау қажет. Тілің мен жүзің басқа деп өзгені кеудеден итермей, жұмылып жұдырық боп еңбектене берген жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Көпұлттылық кемшілік емес.  Ол байлық. Әр ұлттан әр нәрседен әр мәдениеттен үйренсең сонда бай боласың. Әртүрлі тіл білсең көп мәдениетті білесің. Қазақ халқына алғысын білдіріп жатқан әр ұлт өкіліне біз де, өз алғысымызды айтамыз. Біз ұлан-ғайыр жерді, елді қан төгіп алып қалған ата-бабамызға алғысымызды айтамыз. Мен алғыс айту күні еліміздің ең сүйікті мейрамы боларына сенемін.

Ағынан жарылған Нұрсұлтан Назарбаев адам бойынан мін іздеу ұрыс-керіске апарады, ал жақыныңды, досыңды, әріптесіңді сол кемшілігімен жақсы көру даналық деді. Сондықтан бір-бірімізді  сынай бермей, керісінше түзеуге, түзелуге бағыттаған дұрыс. Осы жерде Елбасы  нағыз толеранттылықтың не екенін түсіндірді.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Адамның аты адам, ол таңнан түске дейін қасында отырған адамның әйтеуір бір кемшілігін табады: дұрыс отырмады, жөтелді, қасықты басқа қолмен ұстады дегендей. Ал толеранттылық адамның қандай болуына қарамастан, оған құрметпен қарауды білдіреді. Толеранттылық дегеніміз - егер түске қарай адамның кемшіліктерін көрсең, оны жария етпеуді, сынамауды, білдіреді. Оны түсін, қандай болса да құрметте. Үндемей қал. Түсінесіздер ме, ерлік дегеніміз қылыш алып, жауға аттану немесе біреуді пышақтау емес. Ерлік дегеніміз айтқың келгенді іште қалдыру.

Қазақстанның халқының 75 пайызының толерантты екенін айтқан Назарбаев қалған 25 пайыз тұрғынды керек болса тәрбиелеп аламыз деді. Мерекеге орай демалыс берілмесе де, бұл күн жер-жерде ерекше аталып өтіп жатыр. Жұрттың бір-біріне айтқан «рақметінде» шек жоқ. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

18 қаңтар

17 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде