Алматы облысында ашынған жұрт аудан әкімдігінің алдына шатыр тігіп жатып алды
Алматы облысының тұрғындары жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселесін бүгін төтесінен қойды. Үйлеріне барар жол, жарық пен судың жоқтығына ашынған саяжайшылар аудандық әкімдік алдына шатыр құрып отырды. Өйтпесе, Талғар ауданында шаруа шешетін шенеунік табылатын емес. Іс насырға шаба бастағанын көргенде ғана қимылдаған жергілікті билік енді уәдені үйіп-төгіп жатыр.
Автор: Олжас Байжан
10.03.2016
Әкімдік алдындағы бұл шатырлар әдеттегідей меймандарды күту үшін емес, наразылық білдіру мақсатында құрылған. Талғар ауданына қарасты «Көкдала» саяжайының тұрғындары жер сатып аларда уәдені үйіп-төккен төрағаға алдандық деп отыр. Жарық жүргізу үшін ай сайын жұрттан ақша жиналып, орнына қолхат берілген.
– Бізгеқолхат жазып берді. Міне осындай күні деп, көрдіңіз бе? Қолхаты да бар! Ол деген алаяқ болып тұр ғой.
Жол, суы мен жарығы жоқ 28 үйдің иелері өкпелерін аудан басшылығына осылай жеткізбек болды. Олар ғимарат алдына шатыр құрып, көрпе-жастық пен ішер асын да көтере келіпті. Өйтпеске амалдары жоқ. Арыз айтып, әкімдікке талай келгенімен, уәж тыңдайтын атқамінер табылмаған.
Ерлан Байысов, саяжай тұрғыны:
– 70 мың теңгеден жинап бердік. Столбыны әкеліп орнатқанымен , жарамайтын ескі болып шықты.Ақыр аяғында жеп-жеп жоғалып кетті.
Ақша жеді деп айыпталған бірлестік төрағасы келмегенімен, иектерінің астындағы айқайды естіп, әкімдіктегілер тез жетті. Жұртты сабырға шықарған шенеуніктер, кезекті уәделерін үйіп-төкті.
Дәрменияр Қыдырбекұлы, Талғар ауданы әкімінің орынбасары:
– Әкімдікке жеке бау-бақша ұжымының жұмысына араласуға болмайды. Бірақ қаншалықты төрағаның ақша алғанын нақты талқылаймыз. Әрине, біз осы сұрақты шешуге тырысамыз.
Десе де бұл тұрғындар жақын арада жарықты келмейтіні анық. Себебі, бірінші кезекте бірлестік төрағасы жауапқа тартылып, жиналған қаржының қайда кеткені анықталуы керек екен. Ал уәдеге тағы сенген жұрт келесі наразылықтың әлдеқайда ауқымды болатынын ескертіп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!