Атышулы Талғат Ермегияевтың соты өтетін күн белгілі болды
Мемлекеттің миллиардтарын жымқырды деп айыпталған тағы бір лауазымды шенеунік - Талғат Ермегияевтың соты өтетін күн белгілі болды. «Экспоның» экс-төрағасы алдағы жұма күні, яғни наурыздың 18-інде сот алдында жауап береді. Күллі елдің назары ауған процессте миллиардтар айналған ұлттық компаниядағы біраз былықтың беті ашылатын түрі бар.
Автор: Досжан Маратұлы
14.03.2016
Былтыр маусым айынан бері Есілдің сол жағалауындағы пентхауста үй қамақта отырған Ермегияевқа тағылған айыптың ауқымдылығы сонша, қылмыстық іспен танысға 8 ай уақыт кеткен. Оған халықаралық көрме құрылысына бөлінген 4 миллиард 200 миллион теңгені ұрлады деген айып тағылып отыр. Тергеу материалдарына қарағанда «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев өзінің кеңесшісі Қажымұрат Үсенов және басқарушы директор Суламбек Баркинхоевпен бірігіп, ақша жымқырған. Топ-менеджерлер қазына ақшасын өздеріне тиесілі компаниялардың есепшотына аударып, қолма-қол шешіп алып отырыпты. Ермегияевпен ауыз жаласқан бұл екеудің де істері сотқа жетті. Бірақ миллиардттап ақша жеді деп күдікке ілінгендердің бірде-бірі кінәсін мойындап отырған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!