Астана базарларында сатылып жатқан қауіпті көкөністің тізімі жарияланды
Астанада былтырдан қалған қауіпті көкөністер сатылып жатыр. Осылай деп дабыл қаққан СЭС оның тізімін де жариялап жіберді. «Қара тізімді» қауын, қарбыз мен баклажан бастап тұр. Өйткені, ерте көктемде бұл көкөністердің құрамында химиялық заттың мөлшері жоғары болады. Сондықтан санитар дәрігерлер Елордадағы ең үлкен базарға жылжымалы зертхана қойып, сөредегі азық-түлік сапасын дереу тексеруде.
Автор: Жәудір Оразхан
15.03.2016
Базардың ортасында тура зертханадағыдай ақ халат пен қолғаптарын киіп жұмысқа кіріскелі тұрған мына мамандар жұрт сатып алған бар тауардың құрамын тез тексеріп беруге дайын. Санитар-дәрігерлер алдына келген тұтынушыны ұзақ ұстамайды. Қолдарындағы осы құрылғы арқылы азық-түлік пен көкөністегі химиялық заттың мөлшерін сол мезетте анықтауда.
-Сәбіз, қияр, алма, мандарин сияқты басқа да жеміс, көкөністерді зерттеп жатырмыз.
Ерте көктемде былтырдан қалған қарбыз, қауын, баклажан мен шалғамды сатып аларда сақ болу керек дейді СЭС мамандары. Өйткені, бұл көкөністердің құрамында химиялық зат көп болғандықтан, тұрақты тұтынған адам уланып қалуы да ғажап емес.
Сәния Назымханова, Астана қаласының тұрғыны:
-Шет елдерден келеді. Дұрыс па, дұрыс емес пе соның бәрін тексеру керек.
Астанадағы сауда сөрелерінде самсап тұрған импорттық көкөністерді біз де тексертіп көруді ұйғардық. Мәселен, көктем кезінде әсіресе, қызанақ пен қиярға сұраныс жоғары екен.
-Қазір мен Түркиядан келген қияр мен ташкенттік қызанақтың құрамын тексерттім. Мамандардың айтуынша, бұл көкөністің құрамындағы нитрат 90-нан аспайды екен. Яғни, адам денсаулығына аса қауіпті емес деген сөз.
Жылжымалы зертханаға жұрт ет, салат, қептірілген жеміс-жидек және өзге де өнімдерді алып келуде. Тіпті пакеттегі сүттің құрамын анықтап беруді сұраған тұтынушылар да болды.
-Ақ ұнтақ қайда?
-Оны біз айта алмаймыз.
-Сонда не көзбояушылық үшін істеп жатырсыңдар ма?
Жалпы, елордалықтар көбіне базардағы бағаға шағымдануда. Жұрт азық-түліктің бірден қымбаттап кеткенін айтады.
Дидарбек Қажығалиев, Астана қаласының тұрғыны:
-Сүйегін де 1300 теңгеден сатады. Нақты бағасын қоймайды. Қазыны шексіз сатады. 1 метр шекті мың теңгеден сатады. Жылқының қарнын майын алып тастап тек қарын сатады.
Мына үстелде отырған мамандар тұртынушылардың құқығын қорғау туралы кеңес беруде. Яғни, инспекторлар сапасыз тауар сатып алған немесе кәсіпкермен дауласып қалғандардың мәселесін бірден шешіп жатыр.
Мейрам Молдашев, Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары:
-Егер тұтынушылар өзінің құқықын жақсы біліп тұрса, сатып алатын жерден соның бәрін талап ететін болса, сөрелерде жағымсыз тағамдар болмайды.
Ал, санитарлық дәрігерлер сауда сөрелерінен адам денсаулығына қауіпті азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидекті анықтаса, комиссия кәсіпкердің қоймасына тексеру барады. Сөйтіп, тауарды түгел жоймақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!