Алматыда жын-ойнақты жауып жатқан сот орындаушылары жезөкшелердің қарсылығына тап болды
Алматыда заңға бағынбаған жезөкшелер ордасы жабылды. Қызметін тоқтату туралы сот шешімі шықса да үйреншікті жұмысын жалғастырған қонақүйлердің есігіне сот орындаушылары мөр басып тастады. «Қонақүй» деген аты болмаса, түнгі көбелектер толып жүретін бұндай ғимараттарды жабу оңай емес. Дөкей көкелеріне сенетін иелері заң өкілдерінің өзіне доқ көрсетуден тайынбайды. Сондай бірнеше жәйтке тілшіміз Ербол Тұрымбет те куә болды.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.04.2016
Есігін іштен іліп жатқан мына үйге баса-көктеп кіруден басқа амал қалмады. Сейфуллин даңғылындағы бұл ғимараттың іші қызға толы. Кімдер екені түрлерінен-ақ көрініп тұр. Ешқайсысының қолында құжаты жоқ.
-Сіз кімсіз?
-Киім сатам.
-Қай жаққа сатасыз?
-Осы жерден қарыз ақшамды жинауға келдім, аға.
-Қайсы, көрсетіңізші қандай киімдер?
-Қарыз ақшамды жинауға келдім.
Бұндай рейдке қыздарда әбден үйнеріп алған. Кіріп келгенде беттерін көлегейлейтін бір-бір орамалы дайын тұрады. Жататын жерлері де адам көргісіз, санитарлық жағдайдан жұрдай. Бұлар тек аяқасты тап бергендіктен қаша алмай қалғандары ғана. Ал есік ашпай қойғандарға екі аяқты еркін сермеуге болады.
Бұл қонақүйлерге қызметін тоқтату туралы сот шешімі шыққан. Бірақ оны пысқырмай, табысты бизнесін жалғастыра беріпті. Бүгін солардың бірсыпырасының есігін күштеп мөрлеуге тура келді. Тек мұндайда дікеңдеген біреулердің пайда болатыны бар.
-Кет,әрі!
Қара құлып салынып, мөрлі қағазбен қатталған бұл нысандарда жезөкшелік бизнесі қайта жалғасатын болса, иелері енді қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.
Рахым Орынбаев, сот орындаушысы:
-Үш айға, бір жылға, екі жылға жабылсын деген соттың шешімі бар. Біз жауып кеткен қонақүйлер мен үйлерді өз еркімен ашып алады.Оларға біз әкімшілік іс-шаралар қолданамыз.
Бұл қонақүйлер енді тек соттың шешімімен ғана қайтадан ашылуы мүмкін. Онда да тиісті заң талаптарын орындауы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!