Алматы зообағында тағы бір аңның өлгені анықталды
Бақ емес, аң мен құстың сорына айналған мекен! Алматы зообағында тағы бір аңның өлгені мәлім болды. Сап-сау жүрген шимпанзе былтыр арам қатқан. Бірақ бұл жағдайды басшық барыстардың өлгені секілді жұрттан жасырыпты. Тіпті жануарлары бірінен соң бірі өлген бақта аңдар аурудан ғана емес, адам қолынан да зардап шегіп жатқан сыңайлы. Алматы зообағының аң-құсына алаңдаған белсенділерді Аруна Ортай тыңдап келді.
Автор: Аруна Ортай
28.04.2016
Бұл екі таспада бір аң деп айту қиын. Сап-сау жолбарыс бүгінде денесінің жартысы шіріп жатыр. Аяғын алып жүруден қалған аң алдындағы асты да жей алмайды. Сөйтсе, зообақта азап тартқан жалғыз бұл жыртқыш емес екен. Шимпанзе де дәл осылай темір тор ішінде арам өліпті.
Райымбек Баталов, «Алматы хайуанаттар бағына көмек» қорының төрағасы:
-Зообақ басшылығы бәрін жасырып отыр! Шимпанзенің неден өлгені белгісіз. Оның арам қатқанын қызметкерлерден бірақ білдік. Бақ басшылығы оны айтқысы жоқ.
Барыстардың өлгені секілді оны да зообақ басшылығы жасырып қалған. Бағалы аңдарды бағалай алмаған бақта бұдан басқа да келеңсіз жайттар жетерлік екен. Ауру жолбарыстың халін сұрай барғандар ақ аюдың басына ісік шығып, қаршығаның қанаты жұлынғанын айтады.
Райымбек Баталов, «Алматы хайуанаттар бағына көмек» қорының төрағасы:
-Ақ аюдың басы ісініп кетіпті. Ол қайдан шыққан жарақат? Тісі де ауру, азып-тозып кеткен. Ал екінші Рада есімді жолбарыс болса өз құйрығын өзі кеміріп тастапты. Бұл не сұмдық екенін зообақ басшылығы айтпай отыр.
Бірақ, жануарларға жаны ашыған қалталы кәсіпкерге басқа белсенділер аяқасты қарсы шықты. Баталовтың көздегені - жыртқыштардың жағдайы емес, зообақтың шұрайлы жері дейді олар.
-Кәсіпкерлер бақтың жеріне қызығып отыр. Көкжайлау, ботаникалық бақты бекер қозғап жүрген жоқ. Армандары жер.
6 бірдей барысты өлтіріп алған зообақта сирек кездесетін сервал, одан қалды Бенгал жолбарысы мен түркістандық сілеусін де аурудан арам қатқан. Енді шимпанзенің өлгені белгілі болып отыр. Бұл тек біз білетіндер ғана. Әлі жасырылғаны қанша?
Хайуанаттар бағына емес, сорына айналған мекен бүгін-ертең тағы бір жануарға азаюы мүмкін. Өйткені, лас темір тордың ішінде ауырып жатқан жолбарыс бүгін тамақтан біржолата бас тартыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!