Үлкен дау тудырған жер кодексі қайта қаралуы мүмкін бе?
Жер дауына Сенат төрағасы араласты. Жер кодексін түсіндіру жеткіліксіз, енді пысықайлардың заңды белден баспауын қадағалауды керек дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінде 65 мың гектер аумақты шетелдіктер жалға алып үлгерген екен. Учаскелердің басым бөлігі солтүстік пен орталықтан беріліпті. Ал үлкен түсінбестік туғызған өзгерістің авторы Ұлттық экономика министрлігі, 25 жылға жалға алған шетелдіктер, жердің құнарына зиян келтіретін болса, оны мәжбүрлі түрде қайтарып аламыз деп сенімді сөйлеп отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
29.04.2016
Жер дауының аяқ-асты ушығуын Үкімет түсінбей дал. Себебі, ауыл шаруашылығына арналған жер шетелдіктерге бір жарым жылдан бері 25 жылға жалға беріліп келеді екен. Мәселен, шетелдіктер Ақмола облысында 8 мың, Қарағандының төңірегіндегі 3 мың гектар жерге ақысын төлеп, уақытша егін егуде. Ресейліктер солтүстікте картоп, ал қырғыздар оңтүстікте көкөніс өсіріп, сатып жатыр. Заң бойынша, өзге елдің азаматтары егін, мал бағуға арналға учаскелерді жеке меншігіне мүлдем өткізе алмайды деп сендіреді шенеуніктер.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
-Оған уайымдамай-ақ қойсын. Мен айтып кеттім ғой, 1 см жерді, Қазақстанның жерін ешқандай шетелдіктерге сатылмайды. Ол заң бойынша нақты тіркелген. 25 жылға жалға берілсе де, ол жер ешқандай шетелдік азаматтарға сатылмайды.
2014 жылы жерді шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға мәжбүр болдық дейді үкіметтегілер. Өйткені, 10 жыл ішінде инвесторлар шығынын ақтап үлгермейді екен. Ал, былтыр Ұлттық экономика министрлігі кодекске Қазақстан азаматтарына жерді аукцион арқылы сатып алуды Парламентке бекіттіріп алған. Осы сәтте, жердің 25 жылға берілетіні анықталып, соңы дауға ұласып жатыр. Аукцион арқылы осындай 1 миллион 700 мың гектар жер ел азаматтарына сатылмақ.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
-Бұрын әкім жерді аукцион арқылы сатыла ма, жалға жай бере ме, конкурс өткізе ме, оны өзі шешетін. Біз айтып отырмыз, міне, аукцион арқылы шығарыңдар. Қазақстандықтар өздері қатысып, өздері алсын деп отырмыз.
Жер туралы заңға енген осы өзгерістерді Үкімет жұртқа дер кезінде дұрыс түсіндіре алмаған. Салдарынан жұрт жаппай наразылық білдіруде. Енді жер дауына Сенат төрағасы да араласып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
-Жұртқа жердің шетелдіктерге сатылмайтынын түсіндіріп қана қою жеткіліксіз. Кейбіреулердің түрлі айла-тәсіл тауып, заңның бұл талабын айналып өтпеуін де қадағалау керек. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкерлерге жалға берілген жердің де ауқымына көңіл бөлінгені дұрыс.
Яғни, Тоқаевтың меңзеп тұрғаны, «бармақ басты, көз қыстыға» жол берілмеуі керек. Өйткені, жер саудаға түссе, алыпсатарлардың көбейіп кетуі мүмкуін. Ал елдегі екінші адамның даулы тақырыпқа араласуына қарағанда, үлкен түсінбестік туғызған Жер кодексі қайта қаралатын сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!