{metadescription}
Отандық туристер Бурабайда демалу Дубайдан да қымбат екенін айтты
Отандық туристер Бурабайда демалу Дубайдан да қымбат екенін айтты

Отандық туристер Бурабайда демалу Дубайдан да қымбат екенін айтты

Қаржылық қыспақ отандастарымыздың шетелге қыдыруын азайтты. Биыл сыртқа саяхаттаушылар қатары былтырғыдан екі есеге кеміп кеткен. Туроператорлар мұның себебін қаржылық дағдарыстың әсерімен түсіндіріп отыр. Отандық туристер, есесіне, өз елімізде демалуға ынта білдіре бастаған. Алайда апталық демалыстың құны жүз мыңнан асып жығылатын еліміздегі демалыс аймақтарында баға сол күйі арзандайтын емес.

Ел аузынан түспейтін Түркия мен Мысырға бүгінде туристер қырын қарай бастаған. Халықаралық жағдайдың ушығуы оларды бей-жай қалдырмапты. Осыған байланысты туроператорлар өз бағыттарын барынша оңтайландыруға көшкен.

Сергей Алмаев, туристік компания өкілі:

-Туризмге деген сұраныс былтырғыға қарағанда 50 пайызға дейін түсіп кетті. Сондықтан да бірқатар қымбат турлардан бас тарттық. Орнына Грузия, Африка сынды жаңа бағыттар аштық. Кейбір бағыттар бойынша бару-қайту жолының арзан түрін таңдап жатырмыз.  

Дегенмен Қазақстан үшін туризм нарығы жақсы дамыған елдер бәрібір үздіктер қатарында тұр. Айталық, Біріккен Араб Әмірліктерінде небәрі 139 мың теңгеге бесжұлдызды қонақүйде бір апта демалуға болады. Бұл бару-қайту жолын қоса есептегендегі сома. Үздік бестік қатарына Грузия да кіріп отыр. Ал еліміздегі Қапшағайдан басқа туристік орындарда бір апталық демалыс 100 мыңнан асып жығылады. Алакөл мен Балқаштың бағасы шамалас болса, Бурабай мен Каспийде бір апта демалу Біріккен Араб Әмірліктерінен де қымбатқа түседі екен. Бұл жол шығынын қоспағанның өзінде.

Жалпы, елішілік саяхатта отандастарымыз негізінен Қапшағай мен Алакөлге көңіл аударып отыр. Бұл қаражат жағынан тиімді болса, екіншіден, өз елін тануға деген құлшыныстың әсері екен. 

Мадина Ахметова, Алматы қаласының тұрғыны:

-Жыл сайын қыдыратын адамбыз. Қаржылық жағдай өте әсер етті. Енді Қазақстанды көру үшін Алакөлге отбасымызбен барамыз.

Туристер сырт елдердегі саяси ахуалға да аса алаңдаулы көрінеді. Мәселен, түрік еліне қызыққан азаматтар алдымен бірнеше ай бойы ол жақтағы жағдайды бақылайтын болған. Ел ішінде ғана қыдырғысы келетіндер қатарының көбеюіне де бір себеп сол екен. Тек мамандар отандық туристік нысандардағы бағаны қалайда ауыздықтау керектігін айтып отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде