Ақтөбеде марқұмдардың туыстары жақындарының содырлардың қолынан қалай қаза тапқанын айтып берді
Ақтөбеде лаңкестік оқиға кезінде қаза тапқан ақтөбеліктер ертең жерленетін болды. Бірақ олардың сүйектері туыстарына әзірге берілмепті. Тек әскерилердің мәйіттері ғана туған жерлеріне жөнелтілген. Қару сататын дүкенге шабуыл кезінде сатушы мен күзетшіден өзге, қармақ алуға келген тұрғын да қаза тапты. Сондай-ақ, содырлар жолай көлігінде отырған зейнеткерді де атып кеткен.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.06.2016
Ақтөбеде лаңкесттік оқиға кезінде 44 жастағы Андрей Максименко ең бірінші боп оққа ұшқан. Қару-жарақ дүкенінде сатушы болып істейтін оны жүрегінен атыпты. Жанында болған өзге екі әріптесін қаскөйлер ұрып жыққан. Марқұмның жесірі дүкенде қауіпті заттар сатылатынына қарамастан күзеттің мүлдем болмағанын айтады.
Светлана Абдуллина, А. Максименконың жесірі:
-Дүкенде күзет деген болған жоқ. Тек дабыл қоңырауы істеп тұрған. Кассир қыз әйеуір соны басып үлгеріпті. Күйеуім ол дүкенде 5 жыл жұмыс істеді.
Қара жамылған 35 жастағы Михаил Матросовтың отбасы болған оқиғаға әлі сене алмай отыр. Жексенбі күні марқұм інісімен бірге балық аулауға кетіп, жолай қармақ алу үшін қару сататын дүкенге соққан екен. Сол кезде қақтығыстың дәл ортасында қалыпты.
Светлана Дорофеева, М. Матросовтың жесірі:
-Миша дүкенге кірген бойда артынан содырлар кірген. Оны пышақтап, соңында атып кетеді. Ал оны көлікте күтіп отырған інісіне де оқ тиіп, қазір ауруханада жатыр.
Ал Галина Онищенко өз күйеуін қаскөйлердің қалай өлтіргенін өз көзімен көрген. Зейнеткер Николай Онищенко үйінің жанында көлігінде отырған екен. Дүкеннен қашып шыққан топ оны жұлқылап сыртқа сүйрелепті.
Галина Онищенко, Н. Онищенконың жесірі:
-Мен сол кезде балконнан қарап тұрған едім. Бір топ адам жүгіріп келіп, күйеуімнің көлігіне жармасты. Айдап кетпек болғанда жұбайым қарсылық көрсетті. Сол кезде оны атып өлтірді.
Содырлардың қолынан сондай-ақ дүкенге дабыл қоңырауы бойынша жеткен күзет қызметкері Мерхан Тәжібаев та қаза тапты. Жексенбі күнгі леңкестік кезінде жалпы 4 тұрғын мен 3 әскери опат болды.
Лаңкестік оқиға кезінде қаза тапқан ақтөбеліктер ертең жереленеді. Қоштасу рәсімі дәл қару сататын дүкен жанында ұйымдастырылмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!