Алматылық жүргізушілер қытайлықтарды шекарадан түсірмей, қалаға дейін əкеліп жатыр
Елімізге Қытайдан келетін автобустар шетінен ұсталып жатыр. Үрімжі-Алматы бағытында жолаушы тасымалдайтын көліктерге бірнеше күннен бері рейд жүргізілуде. Өйткені олардың құжаттарында тек Қытаймен шекаралас Шонжы ауылына дейін ғана келуге рұқсат бар. Алайда автобус жүргізушілері заңды белшеден басып, Алматыға дейін адам әкеліп жүр.
Автор: Диас Нұрақын
30.06.2016
Көлік бақылау инспекциясы мен жол сақшылары төрт күннен бері Алматы-Қорғас тас жолын торып жүр. Себебі соңғы уақытта Қытайдан адам тасымалдайтын автобустар Алматыға заңсыз кіретін болған. Яғни Үрімжі-Шонжы бағытында да ғана қатынауы тиіс көліктер оңтүстік астанаға дейін өтіп кетеді екен.
Қанат Мәметханов, Алматы облыстық көлік бақылау инспекциясының бас маманы:
-Қазіргі таңда Қазақстанға заңсыз кіретін автобустардың саны өсіп жатыр. Шонжыдан тоқтамай Алматыға өтіп кетіп жатыр. Сол тұрғыда автобустарды тоқтатып, тексеріп хаттама толтырып, КАТ-тарын алып қалып жатырмыз.
Алайда бұдан Қытайлық жүргізушілердің қылы да қисаймайтын секілді. Себебі айыппұл көлемі тым аз. Яғни бөтен елге рұқсатсыз кіргені үшін бар жоғы он мың теңге төлейді екен. Ал аспан асты елінде дәл осындай заңсыздық үшін теңгеге шаққанда шамамен бір миллион айыппұл қарастырылған. Сондықтан біздегі заңның осалдығын оңай пайдаланған шетелдіктер заңсыз әрекетін тоқтатар емес.
-Біз білмейміз. Оны бастықтан сұра Тайыр деген. Бастық жіберсе келе беремін. Айыппұлды компания төлейді.
Осылай шіренген шетелдік жүргізушілердің қулығына да құрық бойламай тұр. Яғни төрт күннен бері рейд жүріп жатқанын естігендер енді жолаушыларды алдауға кіріскен. Яғни Алматыдан жолға шыққандарды басқа көлікпен қала сыртына шығарып , ары қарай өз автобустарымен әкетеді екен.
Алайда арнайы рейд барысында бұл әрекеттері де әшкере болды. Түн ортасында жолда қалған жолаушылар алданып қалғандарын біліп шу шығарды.
-Ішінде аузы берік адамдар бар. Ауру қылды ақыр аяғында. Кереуеті бар автобусқа саламыз деген. Мынау ұрлап әкеп түн ортасында осындай қылды.
-Ол автобус сіздерді шекарадан шығара алмайды. Құжаттары алынып қойған
Базар жағалап, жолаушы жинайтындардың бағасы да арзан. Көк тиын салық төлемейтіндіктен олар Алматыдан-Үрімжіге дейін әр жолаушыдан 8 мың теңге алады екен. Бұдан отандық тасымалдаушылардың кәсібі тұралап қалған. Себебі автовокзалдағы билет бағасы 12 мың теңге.
Раздан Даниал, автобус жүргізушісі:
-Олар базардан кетіп жатыр. Адамның бәрін әкетіп жатыр. Ана жақтан да базардан кетіп қалады. Біз бір айда бір шығамыз. Жұмыс жоқ. Адам жоқ...
Бүгінгі рейд барысында Қытайлық автобустардан бөлек заңға бағынбаған жеңіл көліктер де ұсталды. Аспан асты елінен жарысқа келе жатқан бұл азаматтар темір тұлпарларының терезесін тұмшалап алған екен. Сондықтан сақшылар бір жолға ескерту жасап, күңгірт жабындыларын жұлып тастады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!