Оңтүстікте тікенек сымның іргесінде отырған отбасылар Астанадан көмек сұрады
Шекарада шерменде болған жұрт! Оңтүстік Қазақстанда тура тікенек сымның іргесінде отырған отбасылар мемлекет назарынан тыс қалып қойған. Осыдан 11 жыл бұрын қазақ-өзбек шекарасын бекіткен кезде әу бастан өзбек азаматы болған қаны қазақ он шаңырақ Қазақстанды таңдапты. Ол кезде шенеуніктер жер береміз, шекарадан алып кетіп, ауыл ішіне кіргіземіз деп уәде еткен. Содан бері ішетін суы жоқ, көлік те қатынамайтын жерде тұрып жатқан үйлердің құжаты да жоқ. Ол аздай өзіміздің шекарашылардан теперіш көріп жүр.
Автор: Бек Әбиев
01.07.2016
Сарыағаш ауданына қарасты шекара шебіндегі Достық ауылы 2005 жылға дейін Өзбекстанға қараған. Шекара бөлісі кезінде қаны қазақ он отбасы Қазақстанды таңдапты. Ал жұрттың өзі қазір тарихи таңдауына өкінгендей күй кешіп жүр. Кезінде газы да бар, егістік сумен ішер суына дейін алдында ағып тұрған олар ел азаматтығын алған соң шекараның аржағындағы ала шапандылар су, жарық, газды түгел ажыратқан. Тіпті, әу бастан тұрған үйлерінің құжаты да содан бері жоқ.
Серікбай Әліқұлов, Достық ауылының тұрғыны:
-Мысалы, ауруханаға барсақ үйдің құжатын әкел дейді. Шаршатты. Қай жерге баруымыз керек?
150 метр жердегі шекараның арғы беті жасыл желекке оранып тұр. Ал, бергі бет қу далаға айналған. Атам заманнан егін салып, бау-бақша өсірумен айналысып келген тұрғындар үшін шекара бөлісінен соң өзбектер су арнасын да жауып тастапты. Енді егістікті армандай алмайтын жұрт азын-аулақ малы түгілі өздеріне ауыз суды 20 шақырым жерден әркімге жалынып тасиды.
Орман Ақпанов, Достық ауылының тұрғыны:
-Мынау Абай деген жерден суды сатып аламыз. 1 литрі 2 теңгеден. Шақырып, жалынып жүріп алдыртамыз. Ол жақ ұзақ, бармаймыз деп қиғылық салады.
Егін болмаған соң еркектері жақын ауылдарға барып жалданып жұмыс істейтін үйлерде негізінен әйелдер қалған. Күніге шекараны сүзіп өтетін әскерилер сол кезде үйге баса көктеп кіреді дейді олар. Аузына келгенді айтатын олар шекарадан өткендерді сендер тығып отырсыңдар деп қыспаққа алады екен.
Жанар Әліқұлова, Достық ауылының тұрғыны:
-Шекарашылардан қорқамыз негізі. Бірнәрсе болса бастырып кіріп келеді, дөрекі айтқаннан кейін қорқып тұрамыз, үрейленіп тұрамыз.
Ал ауыл әкімінің айтуынша, олар қазіргі үйлеріне ешқандай құжат жасай алмайды. Өйткені заңға қайшы. Осыған дейін шекарадағы жұртты көшіру үшін ауылдан жер іздепті. Оны биыл таптық деген әкім енді су мен жарығы жүргізілсе тек үй салуға учаскелер береміз дейді.
Тасбау Полатов, Достық ауылының әкімі:
-Алдын жер дайын болу керек, оның тиісті учаскелік жердің құжаттары дайын болу керек. Қазір мемлекет өз есебінен дайындап беріп жатыр барлығын. Бұл кісілерге жер берген соң шешіміне дейін тегін мемлекет есебінен істеп береді.
Ал тұрмыс тауқіметінен тарығып, шекарашылардан қорқып жүрген жұрт бұған да көніп отыр. Жер болса үйді өзіміз-ақ салып алар едік дейді. Бірақ оның өзі құжаттар түгел дайын болғанша кемінде екі жылға созылар түрі бар. Яғни 11 жылдан бері әбден зәрезап болған 50 шақты Қазақстан азаматының шекарадағы әскерилердің өктемдігіне әлі де шыдай тұруларына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!