Алматыдағы атыста тұрғындар жаралы полицейге көмек бермей, телефонға түсірген
Алматыдағы атыста қарапайым тұрғындар да ерлік көрсеткен! Жантүршігерлік оқиға кезінде түсірілген таспалардың бірінде қандықол қылмыскерден қорықпай, жараланған полицейлерге көмекке жүгірген 1 жігіт пен 3 қыз кадрге түсіп қалыпты. Лаңкестің жақын маңайда жүргеніне қарамастан, 3-уі қансыраған қызметкерлердің жарасын таңып, қанын тоқтатуға әркеттенген. Біздің тілшілер сол батыл жастарды тауып тілдесті.
Автор: Аруна Ортай
20.07.2016
Куәгерлер түсірген таспа осы. Мұнда лейтенант Тимур Бегасылов әлі тірі кезі. Қандықол қылмыскер оны ауыр жаралап, полицей қызылала қан боп жатыр. Нұрбақыт Дәуітқұлов осы кезде дереу жұмысынан жүгіріп шығып, жаралы жігітке жанталаса көмек берген.
Нұрбақыт Дәуітқұлов, оқиға куәгері:
-Қорылдап, қанына қақалып жатыр екен. Кейін көтеріп алып мұрнын, аузын тазалап демалттық. Сәл өз-өзіне келді, бірақ шокта болды кішкене.
Ащы шындығы сол, қалған жұрттың шамасы болған жайтты тек телефонға түсіріп тұруға ғана жеткен. Ал Нұрбақыт Тимурдың жаралы басын жерге тигізбей қанды тоқтату үшін барынша тырысып бағуда. Тағы 3 қыз оған барынша көмектесіп жатыр. Дарья мойнындағы жарасын таңса, ал Анастасия есімді бойжеткен жолда бинт іздеп, дәрі-дәрмекке жүгірген. Надежда болса жылдам жедел-жәрдем шақыртыпты.
Надежда Александрова, оқиға куәгері:
-Сақалдыны бірден байқадық. Ол полиция қызметкеріне оқ атты. Ал көліктегі полицейді өлтіріп тастады. Біз бірден ойланбастан көмекке ұмтылдық.
Қыздар қатты қорықса да, полицейді жалғыз тастамауға бел буыпты. Жақын маңайда лаңкестің қару асынып жүргеніне қарамастан, Бегасыловтың жарасын таңуға тәуекел еткен. Бәрінен бұрын сол кезде оқиғаны қызықтап тұрған адамдардың салқынқандылығы бойджеткендердің жанына батады.
Анастасия Харламова, оқиға куәгері:
-Бәрінен бұрын қарап тұрған адамдар жанға батты. Оларға телефонға түсірген әлдеқайда қызық болды. ол жағдайды ешқашан ұмытпаспын.
Лейтенанттың аурухана төсегінде бақилық болғанын естіп жастар егіле жылаған. Қолынан келген көмегін аямаған олар туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!