Өзбекстанда болашақ тақ иегері болуы мүмкін есімдер атала бастады
Өзбекстанда болашақ тақ иегері болуы мүмкін есімдер атала бастады. Олардың арасында елдің премьер-министрі мен Сенат басшысы және Ислам Кәрімовтің кіші қызы да бар. Бірақ, Лола Кәрімова-Тилляева әлеуметтік желі арқылы жұрттан дақпырт сөздерге ермей, әкесіне қолдау көрсетуін сұрады.
Автор: Ербол Тұрымбет
29.08.2016
Лола Кәрімова-Тилляева, И. Кәрімовтің қызы:
-Өткен демалыс күндері отбасымызда болған әкеме қатысты жағдайға байланысты мынаны айтқым келеді. Сенбі күні таңертең миға қан құйылу себебінен ол ауруханаға жеткізіліп, қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тұрақты. Оның алдағы жағдайына байланысты қандай да бір болжам жасауға әлі ерте. Сондықтан алып-қашпа әңгімеге ермей, отбасымызға құрметпен қарауларыңызды өтінемін.
Ал өзбектің белгілі саяси сарапшылары қазірдің өзінде ел тұтқасын ұстайтын бірқатар есімдерді атап қойды. Ең алдымен өзбек басшысының кіші қызы Лола Кәрімованың аты аталып отыр. Өйткені, Ташкенттегі Оксарай резиденциясында өткен бір жиында Ислам Кәрімовтің өзі Лоланы ізбасар еткісі келетінін мәлімдепті-міс. Одан бөлек, саяси салмағы жөнінен Үкімет басшысы Шавкат Мирзяевтің аты озып тұр. Ол 2003 жылы Президент Кәрімовтің ұсынысымен премьерлікке келген болатын. Алайда заң бойынша Сенат төрағасы Нигматулла Юлдашевтың да президент болу мүмкіндігі бар. Ал өткен сенбі күні ауруханаға жеткізілген президент Кәрімовтің хал-жағдайы алдағы бес күн ішінде жария етілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!