Елімізде кинопрокатшылар фильмді қазақша сөйлетуге қарсы шықты
Шетелдік фильмдер тұтас мемлекеттік тілге тәржімалансын деген депутаттардың бастамасы оларды, тіпті, шошындырып отыр. Өйткені ондай киноның қалада көрермені жоқ екен. Қазақ тілді қауым, көбіне, ауылдарда деп сылтауратқандар қарапайым аударманы да «қазақтың сөзі көп» деп ауырсынуда.
Автор: Аруна Ортай
03.10.2016
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
-Қалай аударады, қалай істейді ол өздеріне байланысты болу керек деп ойлаймын! Қаржыны табу керек! Өйткені бізде мемлекеттік тілі-қазақ тілі! Ол міндетті түрде аударылуы керек! Дубляж жасауды сол 2012-ші жылдан бастап енгізген кезде, көбі қарсы болатын осыған.
Қазір де қарсы! Нұртай Сәбильяновтың сөздері тіл жанашырларына жаққанымен, кинопрокатшыларға жақпай қалды. Өйткені, сырттан келетін фильмдерді қазақша сөйлету қалада тиімсіз екен. Ал кинотеатр іші толмаған соң, оларды тәржімалаудың да қажеті жоқ дейді.
Вадим Голенко, кинопрокатшы:
-Бұл алға деп ұрандата беретін патриоттардың әлегі. Қазақша қажет дегенімен, оның қиындықтарын айтып тауысу мүмкін емес. Бір киноны дубляждау үшін миллиондаған қаржы жұмсалады,дауыс сонау Лондонда жазылады. Ал ондай кинолардың көрермені жоқ. Сондықтан, бұл барып тұрған шығын.
Кинопрокатшылар Голливуд фильмдеріне қазақша субтитрді де жолатқысы жоқ. Айтуларынша, ағылшын тілінен аударғанда қазақтың сөзі көбейіп кететін көрінеді. Әрі оны дыбыстайтын актерлер де тым көп ақы сұрайды екен. Осылай деп сан сылтауды алға тартқандар түптеп келгенде тәржімалау үшін мемлекеттен теңге сұрап отыр. Бұл қазақ тіліне аударылған ілуде бір фильм ғана. Оның өзінде «Малефисента» ертегісі мемлекеттік есебінен тәржімаланған. Мұндай туындылар киносыншыларға да ұнап отыр. Бірақ, қазақ киносына да қолдау болса екен дейді.
Гүлнар Әбікеева, кинотанушы:
-Осындай құлшыныспен депутаттар қазақ киносын қолдаса ғой. Отандық картиналарды прокатқа көбірек шығарып, оларды қаржыландырып, сонда қазақ тілді картиналар өркендер еді. Мемлекеттік тілдің де мерейі үстем болар еді.
Танымал киносыншының айтуынша елімізде жылда қазақ тілінде 20 шақты кино түсіріледі екен. Бірақ бірде-біреуі қолдау таппай, сол күйі кинопрокатқа шықпай қалады. Ал мәселен, Францияда керісінше. Француз тіліндегілерінен басқасы мүлде көрсетілмейді.
Рашид Нұғманов, режиссёр:
-Францияда егер фильм француз тілінде болмаса, онда ол мүлдем көрсетілмейді. Сондықтан, киноны көрсеткісі келгендер оны үнемі субтитрге аударып отырады.
Шетел туындыларын қазақшалау туралы Заң осыдан төрт жыл бұрын да қабылданған. Бірақ, ол кезде ешкім де пысқырып қарамады. Алайда бұл жолы депутаттар кинопрокатқа шындап кіріскелі отыр.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
- Жоқ ,оны субтитрға бересіз, бірақ күндізгі уақытқа қойып қояды. Оны былайша айтқанда ит жұлымын шығарайын деп отыр ғой.
Қазақстанда жылына 260 кино көрсетілсе, соның тек он шақтысы қазақ тілінде екен. Бірақ, заңға өзгертулер әдеттедігей орта жолда қалмаса, бұл жағдай түбегейлі өзгерейін деп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!