Маңғыстау облысының әкімі Жаңаөзенге енді жетіп мұнайшылармен келіссөз жүргізіп жатыр
Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуіліне Үкімет араласты. Бүгін «Бұрғылау» деп аталатын жеке меншік компанияның жүздеген жұмысшысының шуына қатысты Әлеуметтік даму министрі мәлімдеме жасады. Тамара Дүйсенованың айтуынша, 6 күн бойы қарсылық білдіріп жатқандардың талабын орындау қиын. Дегенмен, қазір мұнайшылармен келісімге келу мәселесі қаралып жатыр екен.
Автор: Досжан Маратұлы
05.10.2016
Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:
-Жұмыс орнындағы азаматтар «ҚазМұнайГаздағы» сияқты бірдей еңбекақы төлеу жүйесіне өту мәселесін көтеріп отыр. Еңбек заңына сәйкес, бұл «ҚазМұнайГаздың» мекемелеріне ғана тиісті. Егер де басқа мекемелерде осындай біріңғай жүйедегі еңбекақыға өтуі үшін оларда салалық келісім шартта белгіленуі керек. Егер салалық келісім шартта бұл қаралатын болса, бұл мекемелердің бәріне осындай жаңа жүйені енгізуге болады.
Яғни, жұмысшылардың талабын орындау оңайға соқпайды. Ол үшін Еңбек кодексіне өзгертулер енгізу қажет дейді министр. Сол үшін Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев мұнайшылармен татуласудың басқа жолдарын іздеуге кіріскен. Аймақ басшысы бүгін Жаңаөзенге келіп ереуілшілердің белсенділері мен компания жетекшілерінің басын қосып, жиын өткізіп жатыр. Бірақ қандай келісім жасалғаны әзірге белгісіз. Өйткені, жиын жабық өтуде. Ал, басшылықтан ақшаларын көтеруді талап етіп, жұмысқа шығуды қойған мұнайшылар кеңселерінің алдынан кетер емес. Жұмысшылардың талабы бұрынғыдай, ұлттық компаниялардағыдай жалақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!