Үй аралауға шыққан Семей әкімі борышкерлердің есігін қиратпақ
Семейде жылуға қарызы бар борышкерлер есіктерінен айырылады. Соттың шешімі шыққан үйлерден оны қала әкімі өз қолымен алып тастамақшы. Өйткені Ермак Сәлімов осыған дейін жұртқа өзі хабарласып ескерту жасаған екен. Алайда олар мұны да пысқырмаған. Тіпті, берешектері үшін әжетханасыз қалғандардың өздері арқаларын кеңге салып отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
06.10.2016
Шаһарда жылудың жыры бір атан түйеге жүк болардай. Бүгінде жұрттың жылдар бойы қордаланған қарызы 300 млн. теңгеден асады. Бірақ берекшекке белшеден батқандар төлем жасауға асығатын емес. Тіпті әкімнің жеке телефон соғуы да әсер етпеген. Олардың бұл қылығы шенеуніктің ызасына әбден тиіп кетсе керек, үйлерді ол өзі аралауға шықты.
Борышкерлердің көбі қалтасы жұқа қарапайым халық емес екен. Басым бөлігінің дөңгелетіп отырған жеке кәсіптері бар. Алайда жылуға қарызы 42 мың теңден басталып 100 мыңға жетіп жығылады. Олардың кейбіреуі дүкен ашып, табыс тауып жүрсе де, оны төлеуге ниеті жоқ. Арқаны кеңге салған кәсіпкерлердің өзін ұстау қиямет-қайым.
- Қазір шақырамын.
- Қазір келе ме? Айттыңыз ба?
Құрал-сайманын сайлап сыртқы есігін кесуге келді деп шенеунікті ешкім күтпесе керек. Тосыннан келген әкімді көрген жұрт абдырап қалды. Үйлерінен табылғандар сасқандарынан есігі мен жеке мүлкін емес, қолына қарызын ұстата қойды.
Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:
-Зейнеткерлер барлық ақшасын төлейді. Олардың біреуінде қарыз жоқ. Тек басқа адамдар төлемейді. Бірінші үйге бардық қой. Ол жеке кәсіпкер. Көрдіңіздер, әйнегі мен есігі қандай екенін. Міне, осылар қашып жүр. Олар ойлап отыр осылай жүре береміз деп. Олай болмайды.
Осылайша, екі сағат бойы табанынан таусылып үй аралаған әкім берешектің 230 мың теңгесін жинады. Жұрт қордаланған қарызын толық өтемейінше рейдке өзі шықпақ ниетте. Ал борышкерлер төлемді дереу жасамаса, жеке мүлкімен қоса кіре берістегі есігінен де айырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!