БҚО-да қарақшылар өрісте қалған сиырларды қарумен жайратып салып, жіліктеп әкеткен
Батыс Қазақстан облысында қарақшылардың қатігездігі ел-жұрттың жағасын ұстатты. Олар түн жарымда өрісте қалған сиырларды қарумен жайратып салып, жіліктеп әкеткен. Тұрғындар мұндай сұмдыққа барған барымташылар адам өлтіруден де тайынбайды деп қорқып отыр. Сондықтан полицейлерден қаскөйлерді тез арада ұстап, жазалатуды талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
11.10.2016
Барымташылардың бұл әрекетін асқан қатігездікке теңеген жергілікті жұрт бір-ақ күнде жер сипап қалды. Демалыс күні өріске шыққан жеті бас сиыр кешқұрым қайта оралмаған. Ал ертеңіне ми даладан жеті қараның басы мен тұяғы ғана табылыпты.
Махамбет Ғабдышев, Өркен ауылының тұрғыны:
-Жауыздықпен мылтықпен атып өлтірген. Терілерін алып кеткен. Ішек-қарынды төгіп тастаған .
Тұрғындардың айтуынша, ұрылар Зеңгі баба тұқымын зеңбірекпен атқандай жайратып салған. Тек содан кейін ғана пышаққа түсіпті. Бұйығы жатқан ауылда бұған дейін ұрлық-қарлық болғанымен, дәл осы тәсілмен малға түскен барымташы жоқ еді. Қарақшылардың ашкөздігінен шошынған ел енді өз өмірлеріне қауіп төнгенін айтуда.
Қадыр Көбеев, Өркен ауылының тұрғыны:
-Бұл жағдайдың дәл осылай аяқталғанына шүкір. Егер олардың көзіне біреуіміз түскенде, бізді де атып түсіруден тайынбас еді.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, бұл дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал оқиғадан әбден жүректері шайлығып қалған ел полицейлерге қалайда қылмыскерлерді қолға түсіріп, қатаң жазаға тартуды талап етуде. Айта кетейік, биылдың өзінде Батыс Қазақстан облысында ірілі-ұсақты 900 бас мал қолды болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!