Тұрғындарға туыстарының үйінде айдан артық қонақ болуға заңмен тыйым салынбақ
Отыз күннен асқан соң ресми түрде тіркелуіңіз керек. Бұл тәртіп басқа қалада тұратын таныс, жақынын іздеп барғандар мен қызмет барысымен тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтарға тікелей қатысты. Терроризм туралы заңға осындай өзгеріс енгізіліпті. Бүгін депутаттар осы құжатты тағы талқылады. Сонымен, елімізде ұялы телефоны барларға ортақ IMEI код базасы құрылмақ. Және енді әр азамат бұрынғыдай 12 емес, дүкеннен тек 4 қару сатып алып, үйінде сақтай алады.
Автор: Жәудір Оразхан
18.10.2016
Сенаттағы қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрайымы ретінде Дариға Назарбаева бүгін күш құрылымдарын тегіс жинап, лаңкестерге қарсы күресті күшейту жайын талқылады. «Терроризм» туралы заңға жиі өзгеріс енгізе бастаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бол жолы да ұсыныспен келіпті. Арнайы қызмет енді еліміздегі ұялы телефон пайдаланушыларға ортақ IMEI код базасын құрмақ.
Марат Қалқабаев,ҰҚК төрағасының орынбасары:
-IMEI кодтардың ортақ базасы құрылса, әрбір телефон иесі туралы жүйелі түрде ақпарат алып отырамыз. Бұл белгілі бір қылмыстың, күмәнді насихаттың алдын алуға мүмкіндік береді.
IMEI код базасы қауіпті күдіктіні дер кезінде қолға түсіруге де көмектеседі екен. Сондай-ақ, жаңа заң күшіне енсе, лаңкестер шабуыл жасаған кезде, нысанды қорғай алмаған күзет қызметі де жауапқа тартылады. Қару-жарақ саудасы да қатаң қадағалауға алынбақ.
Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс депутаты:
-Енді қаруды дайын күйде сатуға болмайды. Ала салып, ататындай күйде болмау керек. Бұл бірінші мәселе.Екінші мәселе, қару-жарақ сататын дүкендер жеке тұру керек. Үшіншіден, адамдардың қолындағы қаруды азайту.
Яғни, бұрынғыдай бір азаматтың қолына бірден 12 қару берілмейді. Әр тұрғынға 4 аңшы мылтығын сатып алып, үйде сақтауына рұқсат етілмек.
Жанат Жарасов, Мәжіліс депутаты:
-Әйтпесе, әкесі мен екі ұлы жүздеп қару сақтайтын болса, террористерге әскери бөлімді басып алудың керегі жоқ. Бір үйді тонаса жетіп жатыр. Қаншама адамды қырып салуына болады.
Бұдан бөлек, тұрғындардың туыстарының үйінде айдан артық қонақ болуына тыйым салынбақ. Отыз күннен асқан соң тіркелуі тиіс. Бұл жалдамалы пәтерде тұрып жатқандарға да қатысты. Яғни, енді жайлы жұмыс іздеген жұрт үлкен қалаларда тіркеусіз емін-еркін жүре алмайды деген сөз. Сенаторлар осы тәртіпке келгенде қарсылық білдірді.
-Жастар Астанада тұрғысы келсе ше? Оларға барлық жолды жауып отырмыз.
Мәжілісмендердің айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарда тіркелу үшін небары 15 минут кетеді. Оның үстіне бұл тұрғындардың үй, мектеп, балабақшаға кезекке тұруына көмектеседі екен.
Ал, үйінде тіркеусіз адам тұрғызғандар ірі көлемде айыппұл төлейді. Бұдан былай пәтерін лаңкестерге жалға берген қожайындар да жауапқа тартылады. Бірақ, Парламент терроризм туралы заңды әлі толық қабылдаған жоқ. Төменгі палата құжатты екі айға жуық талқылап, тек бірінші оқылымда мақұлдаған. Оны әлі Сенат қарауы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!