Храпуновтың жымқырған миллиардтарын жасыруға Дональд Трамп көмектесті деген ақпарат шықты
Храпуновтың ел қазынасынан жымқырған миллиондарын жасыруға Дональд Трамп көмектескен. Британдық танымал ақпарат құралдары АҚШ президенттігінен үміткер Трамп пен қазақстандық алаяқ Храпуновтың байланысы болған деп жарыса жазуда.
Автор: Жәудір Оразхан
20.10.2016
Журналистік зерттеу жүргізген британдық басылым Алматының экс-әкімі мен Трамптың бір-бірімен хат алысқанын анықтап, екеуіне ортақ банктік құжаттарды тапты. Және Храпуновтың қызы Эльвира Кудряшова миллиондаған долларға Манхэттендегі Трамптың аспанмен таласқан "Трамп Тауэрс" үйінен пәтер алған. Бірақ, 70 жастағы америкалық бизнесмен Храпуновтар жанұясына мүлкін тікелей сатпапты. Келісім-шартпен миллионердің қарамағындағы компаниялардың бірі айналысқан. Дәл осы фирма Виктор Храпуновтың ұлы Ильяс Храпуновқа тиесілі қонақ үйді қайта жоспарлауға да қатысыпты. Бұл қитұрқылықтар дәлелденсе, Америка президенті болудан үміті бар Дональд Трампқа да , Республикашылдар партиясының беделіне үлкен нұқсан келтіретіні анық. Ал Алматыны басқарған жылдары гектарлап жер телімдері мен әкімшілік ғимараттарын сатып байыған Виктор Храпунов бала-шағасымен Швейцарияда шалқып өмір сүріп жатыр. Қазақстанда оған қатысты 20 қылмыстық іс қозғалған. Әйелі Лейла мен Храпуновтың өзіне Интерпол іздеу жарияласа да, ерлі-зайыптылар ұсталар емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!