Ақтөбеде сынақты сатқан Әкімгерей Көшербаев әйелімен бірге сотталды
Ақтөбеде облыстық білім саласын бақылау департаментінің бұрынғы басшысы сотталды. Әкімгерей Көшербаев аймақтағы мектеп директорларынан аттестациядан өткізуге ақша алған. Енді осы қылмысы үшін 3 жыл түрмеде отыратын болды. Сондай-ақ, шенеуніктің әйелі де жаза арқалады. Ол да күйеуінің лауазымына сеніп, әріптесінен пара сұрапты.
Автор: Жаңалық Ахаш
07.11.2016
Әкімгерей Көшербаевтың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Кезінде білім басқармасын басқарып, қала әкімінің орынбасары да болды. Кейін балабақша мен мектептерді тексеретін департамент құрылғанда, жаңа мекеменің тізгінін ұстады. Осы қызметінде жүргенде алаяқтық жолмен ақша алды деп айыпталған оны сот бүгін үш жылға бас бостандығынан айырды.
Теміржан Алданов, Ақтөбе қалалық №2 сотының судьясы:
-Әкімгерей Көшербаевты 3 жылға бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкі тәркіленсін. Өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынсын. Жәбірленушілерден алған ақша қайтарылып берілсін.
Тергеу мәліметі бойынша, Әкімгерей Көшербаев облыстағы мектептер мен балабақшаларды аттестациядан өткізіп, оң бағалау үшін қол астындағылардан ақша алып отырған. Шенеунік күйеуінен әйелі де қалыспапты. Қаладағы мектептердің бірінде директор болып істеген жұбайы Сағадат Сырбаева әріптестерінің біріне сынақтан сүрінбейсің деп уәде етіпті. Ол қызметін 500 мыңға бағалаған. Енді осы қылығы үшін бір жыл бойына тәртіп сақшыларының бақылауында болады. Әйтсе де, бұрынғы шенеунікке қоғамдық қорғаушы болған туысы ерлі-зайыптылардың қылмысқа барғанына сенбейді.
Гауһар Сейсенбаева, Ә.Көшербаевтың әпкесі:
-Қарсы шығамыз. Ақтап аламын мен бәрібір. Сенімдімін. Себебі екеуінің де кінәсі жоқ. Айтады ауызбен бердік, қойдық дейді. Біреуінің де іс жүзінде дәлелі жоқ.
Мектеп директорлары үшін мемлекеттік аттестация бес жылда бір рет өтеді. Осынау сынақтан сүрінбеу үшін басым бөлігі тексеруге келгендердің сұрағанын беруге әзір. Сондықтан судья үкімнен бөлек білім басқармасына қатысты қосымша қаулы қабылдады. Онда аттестациядан ақшамен құтылатын мектеп директорлары туралы айтылған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!