ЭКСПО аумағында қираған көпірге қатысты алғашқы болжамдар айтылды
ЭКСПО аумағында павильондарды жалғап тұрған көпірдің қирауына қатысты 3 болжам айтылды. Жауапты мердігер BI Group-тің мәліметінше, өткелдің құлауына сапасыз материал, құрылыс талаптарының сақталмауы мен жобалаудан кеткен қате себеп болуы мүмкін. Бірақ, апаттан кейін беделіне нұқсан келген компания өз құрылысшыларына шаң жуытар емес. Ал күллі ел алдында ұятқа қалдыра жаздаған апаттан соң бүгін ЭКСПО басшысы дереу Ақордаға шақыртылды.
Автор: Жәудір Оразхан
17.11.2016
Көп мақталған нысаны опырылған ЭКСПО аумағы қазір тым-тырыс. Айналаны бекітіп алған құрылысшылар қираған көпірді шұғыл қалпына келтіріп жатыр. Бүкіл елді дүрліктірген осы төтенше оқиғадан соң бүгін Нұрсұлтан Назарбаев кабинетіне халықаралық көрмеге тікелей жауапты Ахметжан Есімовты шақыртып, ендігі жерде аса мұқият болуды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Қиын жағдайға қарамастан экономикадағы, мемлекет 400 миллиардтан артық ақша бөліп, осындай үлкен шараны дүние жүзінің алдында өткізейін деп жатыр. Жарты жылдан артық уақыт бар, 7-8 ай. Барлығын абыроймен өткізуіміз керек. Біздің ұлттық павильонды да көрсете алатындай жағдайлар жасалып жатыр ма?
Ахметжан Есімов, «Астана Экспо-2017» ҰК» АҚ төрағасы:
-Ұлттық павильонды осы жылдың аяғына дейін бітіреміз. Ішін ұлттық нақышта әрлеу бар. Ол үлкен мәселе, сол мәселемен айналысып жатырмыз.
Назарбаев пен Есімов құлаған көпірді де талқылағаны анық. Бірақ бұл жайындағы әңгіме жабық есік жағдайында жалғасты. Есесіне, көрмеге шетелдіктерді шақыруға міндеттелген Сыртқы істер министрі ашулы. Өйткені, Ерлан Ыдырысовты ЭКСПО-дағы апаттан кейінгі Қазақстанның иммиджі қатты ойландырып жүр.
Ерлан Ыдырысов, ҚР Сыртқы істер министрі:
-Бұл мәселені өршітпеңдер. Тілшілер жау шаптырмасаңдар, мұндай апат ел имиджіне еш әсер етпейді. Көпір құлады, онда тұрған не бар? Кез-келген құрылыста ондай жағдайлар болады.
Ал қираған көпірдің салған BI Group оқиға орнын әлі тексеруде. Бірақ компания басшысы апатқа қатысты өз болжамдарын жасады.
Айдын Рахымбаев, BI Group құрылыс компаниясының төрағасы:
-Инженерлермен кеңестік. Болжам бойынша, металдың химиялық құрамы дұрыс болмағандықтан 90 метрлік ферма аязға шыдамай опырылған. Темірдің сапасы құжатта көрсетілгенімен сәйкес емес. Яғни, Қытайдан алдыртқан құрылыс заты сапасыз болуы мүмкін.
Одан қалды өткелді жобалау кезінде қате кеткен сыңайлы. Құрылыс талаптарының сақталмауы да ғажап емес. Қазір апаттың нақты себебін арнайы комиссия анықтап жатыр.
Әзірге құлаған көпірден келген шығынның көлемі де, нақтыланбаған. Қалай болғанда да нысанды құрылыс компаниясы өз қаржысына қалпына келтірмек. «ЭКСПО» аумағындағы апатқа қатысты іс қозғалған не қозғалмағаны да белгісіз. Оның үстіне әкімдіктегілер де «ЭКСПО» аумағындағы құрылыстың қауіпсіздігі мен сапасына еш қатысымыз жоқ деп ат-тондарын ала қашып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!