70 жастағы қызылордалық қария қыста үй ішінен қазылған жертөледе күнелтпек
Отын-су алуға ақшасы жоқ Қызылорда облысының тұрғыны қара суықтан қорғанудың тың тәсілін тапты. Жосалы кентінде тұратын Серікбай Ахметов қыста қатып қалмау үшін жертөлеге жасырынбақшы. Себебі, 70 жастағы қарияның үйін жылытатын отын-көмірі жоқ. Сондықтан баспанасының ішінен жер қазып, қыс бойы сол жерде күнелтпекші.
Автор: Диас Нұрақын
21.11.2016
Қара суықта қатып қалмаудың қамына кіріскен қария бір аптадан бері үй ішінен жертөле қазып жатыр. Өйткені Серікбай Ахметовтің қыста жағатын отыны жоқ. Жалғызбасты ақсақал алатын зейнетақым азық-түліктен артылмайды дейді. Сондықтан екінші топтағы мүгедек үскірік аязда жер астына тығылып жан сақтамақшы.
Серікбай Ахметов, Жосалы кентінің тұрғыны:
-Жағатын ештеңем жоқ. Жердің астына кіріп жылы жерде, жердің астында өмір сүремін. Не істеймін енді?
Қазір қария жертөленің жартысын қазып қойыпты. Алайда қыста жылы жату үшін әлі де тереңдету керек дейді.
Серікбай Ахметов, Жосалы кентінің тұрғыны:
-Екі метр қазам. Бойым 1,68см. Сосын астына жаман көрпелерім бар соны төсеп, үстіме жаман көрпелерді жамылып жатамын.
Туған-туысы да бала-шағасы да жоқ қария тек көршілерімен араласады екен. Олар да Серікбай Ахметовтің бұл қадамға амалсыздан барып отырғанын айтады.
Рахима Орақова, Жосалы кентінің тұрғыны
-Анда-санда келіп кетеді. Мына үйден су алып кетеді. Ешқандай жамандығын көрген жоқпыз .
Жер астынан жылылық іздеген ақсақал атқамінерлердің де алдына талай барған екен. Алайда ешкім көмек қолын созбапты. Сондықтан былтырғы қыста үйінің едендерін отқа жағып аман шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!