{metadescription}
Назарбаев қадірі кеткен судьяларға қазақтың билерінен үлгі алуға кеңес берді
Назарбаев қадірі кеткен судьяларға қазақтың билерінен үлгі алуға кеңес берді

Назарбаев қадірі кеткен судьяларға қазақтың билерінен үлгі алуға кеңес берді

Нұрсұлтан Назарбаев судьялардың неліктен сенімнен жұрдай болғанын айтты. Өйткені, олар әділдік іздеп келген халыққа төрелігін айтудың орнына сенделтіп қоюды әдетке айналдырған. Ал шешімге көңілі толмаған жұрт Елбасыға арызды қарша боратып жатыр. Бүгін судьялардың құрылтайына қатысқан Елбасы фемида саласындағы осындай былықтарды жасырмай жайып салды.

Әдетте, өздерін тік тұрып қарсы алғанға үйреніп қалған бұл адамдар тек президенттің алдында кішірейеді. Бірақ, Елбасы судьялардың басынан сипай қойған жоқ. Кемшіліктерін жіпке тізіп, әділдік іздеп келгендерді  допша домалатып сенделтіп қоятындарын бетке басты. Ал соттың шешіміне  көңілі толмаған жұрт Ақордаға дейін арыздануға мәжбүр. Биылдыққа Нұрсұлтан Назарбаевқа 7 мың адам араша сұрап хат жазған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-3 460 судья бар Қазақстанда. Осы  судьялар  өзінің шаруасын дұрыстап орындаса, әрине, екі жақтың біреуінің әруақытта шешімге  көңілі көншімейді. Дегенмен «барды бар» деп «жоқты жоқ» деп кесіп айтып келістіретін болса, жағдайымыз түзеледі. Мәселе, судьяда. Ең бірінші мәселе халық сотқа сену керек. Халық сотқа бару керек. Баяғыдан келе жатқан бірден «райкомға», «обкомға»  бастықтарға жазу тоқтаған жоқ бізде.

Осы жерде қара қылды қақ жаруы тиіс билер төмен қарады. Өйткені, аққа жақ болудың орнына кісі тағдырына атүсті қарап, қате үкім шығаратын судьялар бар. Теңге үшін әділдік атаулыдан аттайтындар да жоқ емес. Бұл ретте президент сотқа дөкей тамыр-танысы арқылы қысым жасайтындарды тегіс әшкерелеуді талап етті. Есесіне соттар, кәсіпкерлерге келгенде аса белсенді екен.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының президенті:

-Ол қандай бизнес болғаны бәрібір. 5 адамға, 10, адамға, 20 адамға жұмыс берсе болды.  Көшенің бұрышынан мейрамхана  ашып 10үстелді  қойып 10 адамға жұмыс беріп ақша тауып, салық төлеп отырса, олардың бәрі бізге қажет. Өркендеген өскен Американың 70-80 пайызын ұстап отырған бизнесмендер. Ал біз оларды төмпештей берсек, экономика ешқашан өспейді. Оларды қорғау керек, заңды түрде, әрине!

Заң алдында бай да кедей де бірдей. Бұған дәлел ретінде «ЭКСПО-ның» ақшасын жеп түрмеге тоғытылған лауазымды топ-менеджерлер, бірқатар министр мен әкімдерді мысалға келтірді Елбасы. Ал  халық алдында қадірі кеткен судьяларға қазақтың билерінен үлгі алуға кеңес берді.

Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының президенті:

-Төле би, Қаз дауысты Қазыбектің, Әйтеке бидің, Бұқар жыраудың айтқандарын оқыңыздаршы, қандай сөзбенен, екі жақты татуластырған. Сөйтіп, келісімге келіп малын, айыппұлын төлеп дауды шешіп отырған. Негізіне келетін болсақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ. «Әділ биде ағайын жоқ». Білесіздер, қазақпыз, жекжатсыз жұрағатсыз ағайынсыз болмаймыз. Дегенмен елді тәртіпке үйрету керек.

Екі сағат бойы шеберлік дәрісін өткізген президент судьяларға халық сенімін қайтарудың жолын да көрсетті. Ол үшін билер тек заңға бағынып үкім шығарарда ешкімге жалтақтамауы тиіс. Өйткені, адам тағдыры ойыншық емес. Сондықтан  Назарбаев сауатсыз соттарды бұл саладан біржола қуып, өздерін жауапқа тартуды талап етті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.