Еліміздің бірқатар өңірлерінде жұмыртқа бағасы күрт қымбаттады
Айналдырған бір аптаның ішінде ол 70 пайызға өскен. Бұл, әрине, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп жатыр. Ал құзырлы орындар бағаның бұлайша аспандауын өтімді астың шеттен тасымалдануымен және тауыққа арналған жемнің қымбаттауымен түсіндіріп отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
23.11.2016
Петропавлда тауық жұмыртқасының құны 50-70 пайызға қымбаттап кетті. Қала дүкендерінде өткен аптада ғана бұл азықтың он данасы 160-170 теңгеден сатылып келсе, қазір ең төмен баға 250 теңге. Тіпті кейбір дүкендерде 320-ға дейін көтерілген.
Света Садилова, сатушы:
-Сенбі күндері өтетін жәрмеңкеге ғана төменгі категориялы жұмыртқаны 160 теңгеден әкеледі. Оның өзін бір қолға отыздан артық бермейміз. Біз фабриканың бағасымен сатамыз. Ал жұмыртқаның соңғы кездері неге тым қымбатап кеткені туралы олар бізге тіс жармайды. Тұрғындардың да наразылығы содан.
Құс өнімі Тараз қаласында да қымбаттап жатыр. Жұмыртқаның бір түйірі 26 теңгеден 36 теңгеге бір-ақ көтерілген. Бұл өз кезегінде сұранысқа кесірін тигізіп, бұрынғы сауда сатушыларға арманға айналыпты.Ал жұмыртқа қымбатшылығының жоғарғы рекорды Семейде тіркелді. Баға бір-екі айдың ішінде 250- ден 390 теңгеге көтерілген. Жауапты мекемелер жұмыртқа бүкіл республика бойынша қымбаттап жатыр деген уәж айтады.
Наталья Егоренко, Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
-Жұмыртқаның бағасы бізде ғана өсіп жатқан жоқ. Еліміздің барлық қаласында көтерілген. Ал, біздің өңірде қыркүйек айында 7,1 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш қазан айында 14, 7 пайызға көтерілді.
Мамандар азық-түлік бағасын құбылтпай ұстап тұруға дәрменсіз. Өйткені Семейде жұмыртқа алу мақсатында тауық өсірілмейді. Сондықтан өтімді тауардың шамамен 40 пайызы Ресейден келсе, қалғанын еліміздегі құс фабрикаларынан тасымалдауға мәжбүр. Ал олар жем мен жанармайдың қымбаттауын сылтау етіп, бағаны аспандатып жіберіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!