Алматы облысында ағайындыларды асқан қатыгездікпен өлтіргендер сотталды
Алматы облысында ағайындыларды айуандықпен өлтіргендерге қатысты бүгін сот үкімі шықты. Үш бірдей азаматты қасақана атып, артынша мәйіттерін айдалада қалдырып кеткен Талғат Сүлейменовке өмір бақи бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, ал оған қолғабыс еткен екінші қандықол – Мұрат Оңалбаев 25 жылды арқалады. Сондай-ақ, қылмысты көре тұра, оны ешкімге айтпаған малшы да тиісті жазасын алды. Бірақ мал үшін адам өлтіргендер үкім кезінде де міз бақпады. Есесіне, оларға шаң жуытпаған туыстары соттың алдында журналистермен жұлыса жаздады.
Автор: Аруна Ортай
29.11.2016
- Қырық бас сиырға қызығып, қылмысты жасағандар да, оны жасырған да жазадан сытыла алған жоқ. Малға қызығып адамды қинап өлтіргендер ең ауыр баптар бойынша жазасын алды.
Аса айуандықпен адам өлтірді деп айыпталғандар бұл жолы да жайдары. Кісені шешіліп, біраз еркін отырды. Тек үкім оқылғанда барып басын көтеруге де шамасы келмей қалды.
-Сүлейманов Талғат Батырбекұлына түпкілікті өмірбойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын! Оңалбаев Мұрат Тілектесұлы 25 жылға бас бостандығынан айырылсын.
Басты айпталушы – Талғат Сүлейменовті сот 5 бап бойынша кінәлі деп тапты. Қарақшы бастапқыда біраз әрекетін мойындамаған. Бірақ марқұмдарды атқан қару қылмыстың барлығын әшкерелеп берді. Осылайша, арам пиғылын алдын ала ойластырған Сүлейменов лаңкес Күлікбаев жатқан колонияға жіберілді. Ал оның сыбайласы Мұрат Оңалбаев болса бақандай 25 жылға қатаң режимдегі түрмеге жабылды. Қанды қылмысты жасырып қалған малшы да тиісті жазасын алды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ та мал үшін адам өлтіргендер үкім кезінде де міз бақпады. Есесіне, әйелдері соттан еңіреп қайтты.
-Сіздің күйеуінің кім? Сіз Оңалбаевтың әйелісіз ғой! Бір қараңызшы! Менің күйеуімнің кінәсі жоқ, соны ғана айта алам!
Ал аналары болса ашуланғаннан тіпті журналистермен жұлыса жаздады.
-Одан әрі құрысын! Кет әрі басымды ауыртпай! Жоғалшы! Жұлдыз қылдыңдар ғой жетеді сол.
Ал марқұмдардың туыстары үкіммен тіпті келіскен де жоқ. Үш бірдей ер азаматынан айырғаны үшін ашынған олар ату жазасын сұрады.
Майраш Саттархан, марқұм Ж.Долданның жесірі:
-Үлкені кешке дейін зарығып жылаумен отыр. Кішкентайлар ес білмейді ғой. Атсын азғындарды.
Өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасымен келіспеген марқұмдардың туыстары енді апелляцияға жүгінбек. Естеріңізге салсақ қанды қылмыс қыркүйекте болған. Ұзынағаштың мал базарынан үш жігітті малымен алдап шығарғандар, артынша Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайындыны аулаққа апарып айуандықпен өлтірген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!