Алматыда өгей ұлын өлтірген келінге енесі өлім жазасын талап етіп отыр
Алматыда өгей ұлын азаптап өлтірді деген күдікпен ұсталған келіншекке кешірім берілді деген мәлімет өтірік боп шықты! Қайта 11 жасар немересін буындырып, артынша денесін жертөлеге көмген келінге енесі өлім жазасын сұрап отыр. Әжесінің айтуынша, Өркенді өгей шешесі жұртпен бірге іздеген болып үш күн бойы үндемей жүрген. Десе де, баланы өлтірді деген күдікпен қамалған әйел де, оның сыбайластары да кінәсін мойындап отырған жоқ.
Автор: Аруна Ортай
26.01.2017
Бұл – Өркен Азаматұлының соңғы түскен суреті. Қайғы жұтқан әжесі оны көріп, егіліп отыр. Өзі мәпелеп бағып-қағып отырған немересінен айырылған Бағдагүл Есімбекова енді келініне ату жазасын сұрамақ.
Бағдагүл Есімбекова, Өркен Азаматұлының әжесі:
-Ол жалған ақпарат! Халық не айтып жатыр мен білмеймін, қандай кешірім? Кешірім тұрмақ оны түрмеде шірісін деп Алладан тілеймін! Алла жазасын берсін! Ешқандай кешірім жоқ!
Өгей шешенің қолынан өлген Өркен 1 жас 4 айында-ақ отбасыға жарымаған екен. Сол кезде әке-шешесі ажырасып, баланы нағашылары қолына алған. Одан кейін анасы тұрмысқа шығатын боп, 8 жасында әкесіне әкеліп тастапты. Десе де, әкесінің басқа отбасы болуына байланысты бала әжесімен бірге тұрған. Ата-анасыз өскен Өркен өте алғыр болған екен. Математикадан түрлі жарыстарға қатысып, шахмат ойнаудан да алдына жан салмапты.
-Мен ешкімге бермеймін! Өркенімнің ұстаған заты ғой! Өзімде болады бұл!
Бұрын хабаралағанымыздай, Өркенді күдіктілер мектебінің алдынан көлікке алдап отырығызып алып кеткен. Сөйтіп, қала іргесіндегі саяжайлардың біріне апарып азаптап өлтірді. Өгей ана тіпті жоғалған баланы жұртпен бірге іздеген боп 3 күн бойы жүріпті. Тек ұрлады деген күдікпен сұрақтың астына алынғаннан кейін Өркеннің жатқан жерін көрсеткен. Тергеуге қатысқан туыстарының айтуынша, баланың өлімі үшін әйел еш өкінбепті.
Гүлмира Қасенова, Өркен Азаматұлының нағашысы:
-Шіміркпей, беті бүлк етпеді. Соншалықты тасжүрек екен.
Жантүршігерлік қылмыс өткен аптада болған еді. Күйеуі тастап кеткен алматылық келіншек өшін ұлдан алған. Өркенді өлтірді деген күдікпен оның қос бірдей өгей бауыры мен тағы екі адам да қамауда отыр. Ал, бейкүнә бала осы айдың 28-і күні шахматтан үлкен жарысқа қатысуы тиіс болған екен.
-Жүрген сияқты болады үйде. Ботам-ау, ботам-ау...
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!