Отқа оранған «Алматы тауерсқа» қатысты жаңа дерек шықты
Отқа оранған «Алматы тауерс» ғимаратының өртке қарсы бірде бір жүйесі істемеген. Әрі апаттық жағдайдағы шығар есігі де жабық болыпты. Тілсіз жаудан зардап шеккен отбасылардың адвокаты бүгін осындай мәлімдеме жасады. Сөзіне дәлел ретінде сол жердегі жұмысшылар түсірген таспаны да көрсетті. Қайғылы оқиға өткен жылы 6-қарашада болған. Сол кезде, тілсіз жау жалданып жұмыс істеп жүрген 5 студент пен тағы бір дәнекерлеушінің өмірін қиған еді.
Автор: Ербол Тұрымбет
09.02.2017
Қос мұнаралы бизнес орталығының қосалқы бөлігінің шатыры отқа оранғанда 1800 шаршы метр аумақтың күлі көкке ұшқан. Сол төтенше жағдайдың құрбаны болған дәнекерлеуші мен 5 студентке қатысты енді тың дәйек шығып отыр. Тілсіз жаудан зардап шеккен отбасылардың адвокаты ғимаратта өртке қарсы жүйе іске қосылмаған деген сөзін бейнежазбамен дәлелдемек болды. Оны дәл сол күні тренинг өткізіп жатқан батут орталығының қызметкерлері түсіріпті. Мына кадрларда өрт басталғанда дабыл мен су себелеу жүйесінің жұмыс істемегені көрініп тұр.
Ерлан Бекболов, адвокат:
-Осы іске байланысты тергеу шаралары толыққанды жүргізілу керек. Өйткені, батут орталығының директоры ғана күдікті ретінде ұсталды. Ал өртке қарсы жүйеге жауапты басшылар неге жазаға тартылмайды? Дабыл жүйесінен бөлек, апаттық жағдайдағы шығар жолды бітеп, кеңсеге айналдырып жіберген.
Кеңсеге айналдырып жіберген дегені мына жер. Басқа бір компания төтенше жағдай кезінде шығатын жолды осылай өзгертіп алған. Ал мынау есіктің орны. Марқұм болған 5 студенттің денесі сол есіктің арғы бетінен табылыпты. Алайда, бизнес орталығының өкілдері бұл айыптаулардың бірін де мойындаған жоқ.
Тимур Жапарқұлов, Almaty Towers ғимарат иелері кооперативінің төрағасы:
-Өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін барлық инженерлік желілер дер кезінде қосылған. Оны өрттен кейін тексеру жүргізген тиісті мемлекеттік органдар растады. Су гидранттары да істеп тұр. Соның арқасында өрт сөндірушілер жалын одан бетер таратпай, ауыздықтады.
Тергеу шараларына байланысты біраз уақыт ешкімді жолатпай қойған ғимараттың шатырында қазір жағдай өзгерген. Мұндағы жұмысшылар шамамен бір ай бұрын ғана құрылысты қайта бастап кетіпті.
-Қазір өрт болған жер күл мен қалдықтан түгел тазартылып, шатырдың қаңқасы қайтадан құрастырылып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары шамамен 3-4 айға созылмақ. Ал өткен жылдың қараша айында болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу шаралары әлі жалғасуда. Алты адамның өмірін жалмаған алапат өрттің бүге-шүгесі тек соның қорытындысынан кейін ғана белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!