Атырауда адам өлтіріп жатқан сәті камераға түсіп қалған күдіктілердің бірі кепілақымен бостандыққа жіберілді
Атырауда адам өлтіргендердің әрекеті бақылау камерасына түсіп қалды. 23 жастағы Қожақанат Нұржановты бірнеше жерден пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың бірі қазір уақытша тергеу абақтысында отырғанымен, екіншісін полиция кепілақымен босатқан. Оған қатысты тек «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалыпты. Ал марқұмның туыстары полицйлердің бұл әрекетіне наразылық білдіріп, тіпті қылмыстық істің басқа бап бойынша қозғалуын талап етіп отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
13.02.2017
Қанды оқиға 6-шы ақпан күні таң алдында осы жерде болған. Және бұл жәйт жақын маңдағы ғимараттардың біріне орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты. Онда 23 жастағы Қожақанат Нұржановты екі адамның ұрып-соғып, пышақтап жатқаны анық көрініп тұр. Бірақ марқұмның туыстары полицейлердің осы таспаны көре тұра, күдіктілердің бірін бостандыққа жіберіп, тек «бұзақылық» бабымен іс қозғағанына наразы.
Әсел Сәрсенбаева, марқұмның әпкесі
-Өте аса қатыгездікпен өкпесін, бауырын, талағын қатты жарақат алған. Полиция қызметкерлері келіп, жауап алып, арыз алып ештеңе істеген жоқ. Шағым алмай, оларды бостандыққа жіберіп отыр. Бұзақылық деп.
-Қожақанат Нұржанов бірнеше жерден сұғылған пышақ жарақатынан аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал оны соққыға жыққан екеу – 22 жастағы Жаңаөзен қаласының тұрғындары. Қазір бұлардың бірі – уақытша тергеу абақтысында отырса, екіншісі кепілақымен босатылған. Ал бұған көңілі толмаған жәбірленуші тарап қылмыстық істің де «адам өлтіру» бабы бойынша қозғалуын талап етіп отыр.
Күдіктілердің бірі кепілмен босатылғанын тәртіп сақшылары да растады. Бірақ, қайтадан қамауға алынып, «денсаулыққа ауыр зақым келтіру» бабы бойынша қозғалған іс те тергеу барысында өзгеруі ықтимал дейді.
Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі
-Екі күдікті анықталып ұсталды. Барлық қажетті тергеу амалдары жүруде. Қажетті сараптама тағайындалды. Тергеп-тексеру қорытындысымен әрбір күдіктінің жасаған іс-әрекеттері қайта дәрежеленеді.
Дегенмен, бүгін марқұмның туыстары тергеушілердің әрекетінің заңды-заңсыздығын анықтау мақсатында барлық құзырлы орындарға арыз түсіріп үлгерді. Олар өз ісіне салғырт қараған полицейлерге де шара қолданылуы тиіс деп санайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!