Оңтүстікте құлдыққа түскен жас жігіт екі аяғынан айырылды
Құл болудан бас тартқаны үшін мүгедек қылып қойды. Оңтүстік Қазақстанда мал іздеп шыққан жігітті бәзбіреулер күштеп, екі апта бойы құлдықта ұстаған. Жарты ай ас-су бермей, жүз өгіз байланған қораға қамап, мал астын тазалатыпты. Тіпті, 24 жастағы Ертай Қалтұрсыновты ат құйрығына байлап сүйреген. Шалажансар күйі табылған жігіт ауруханада екі аяғынан айырылды. Ал әлімжеттік көрсеткендерді полицейлер ұстаса да жібере салыпты.
Автор: Бек Әбиев
14.02.2017
6 жыл бұрын Өзбекстаннан қоныс аударған Ертай Сарыағаш ауданына қарасты Біртілек ауылындағы жиенінің үйінде жүрген. Қаңтардың 7-сіне жоғалған тайлағын іздеп шыққан оны зіңгіттей 3 жігіт әй-шәй жоқ Ниваға күштеп мінгізіп, ауылдан 4-5 шақырым жердегі қора ішіне қамапты. Күніге таяқтың астына алып, екі апта бойы сиырлардың астын тазалатқан.
Ертай Халтұрсынов, Біртілек ауылының тұрғыны:
- Кейін мал бақпаймын, жіберіңіз дедім. Ұрып басымнан таяқтады. Кейін атқа сүйреді аяғымнан байлап қойып. Тас қып байлады.
Күнделікті соққыдан әлсіреп есінен танған Ертайды қаскөйлер жақын маңдағы ауылға апарып, иесіз ғимаратқа тастап кетіпті. Күп болып ісіп, көгеріп кеткен аяқтарын дәрігерлер тобықтан жоғары кесіп тастаған. Ертайдың айтуынша, қорада өзінен басқа құлдықта тағы 4-5 адам болған. Бірақ арыз қабылдаған полицейлер қорадан құл таппақ түгілі, Ертайды ұрғандарды қамамай жібере салыпты.
Ораз Халтұрсынов, Біртілек ауылының тұрғыны:
-Полицияға өзіміз барамыз. Түк істеп жатқан жоқ. Олар бостандықта жүр да беймарал.
Ал Ертайдың арызынан кейін қораны малынан адамына дейін тексердік деген полицейлер тұщымды ештеңе айта алмай отыр.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД баспасөз хатшысы:
-ҚР ҚК-нің 389 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол «өздігінен билік ету». Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Және полиция қызметкерлерімен осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктілердің тұлғасы анықталу үстінде.
Үйінен шыға бере құлдыққа түскен Ертай енді өзін мүгедек қылғандар мүлдем жазасыз қала ма деп алаңдаулы. Былтыр ғана үйленген жігіт бір айдан кейін әке болғалы жатыр екен. Алайда өздігінен жүріп-тұрудан қалған Ертайға жасанды аяқтан өзге психологиялық көмек те қажет. Себебі, 24 жастағы жігіт қазір құлдықтан құтылса да, тыныш ұйықтай алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!