Бауыржан Байбек ағылшын тілін үйренген адамның отбасын асырай алатынын айтты
Ақылы тұрақ пен әр көшедегі автобус жолағы көлік кептелісін азайтады. Бүгін халыққа есеп беру кезінде осылай деп мәлімдеген Бауыржан Байбек жұртты түгел қымбат машинадан түсіріп, қоғамдық көлікке отырғызамын дейді. Үштілділік білім беру жүйесін сынаудың орнына оны пайдаға жарату керектігін айтып, демалысты белсенді өткізуге шақырған әкім алматылықтардың денсаулығана алаңдайтынын да жеткізді. Одан өзге денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік саладағы жетістіктерді тізбектеп шығу үшін әкімге 3 сағат қажет болды.
Автор: Олжас Байжан
20.02.2017
-Алматы әкімі ретінде осымен екінші рет халыққа есеп берген Бауыржан Байбек баяндамасын былтырғы жетістіктерді тізбектеуден бастады. Өткен жылы әкімдік алдынан бастап көп жерге ақылы автотұрақтар қойдырған әкім осы кезге дейін олардың санын 44-ке жеткізіп, қала бюджетін 22 млн теңге салықпен толықтырыпты. Әкім бұл жұрттың қымбат машинасын қоғамдық көлікке ауыстыруы үшін жоспарланған істің басы ғана деп отыр.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
-Қоғамдық көлікке бөлек жолақ жасап, тұрғындардың жолға жұмсайтын уақытын 30 пайызға қысқарттық. Яғни олар көздеген жеріне автобуспен жылдам жететін болды. Жұртқа ұнасын, ұнамасын, мейлі, осы жұмысты жалғастыра береміз.
Биыл қалада автобус жолақтары 4 есе көбейтіліп, олар барлық ірі көшелерде болмақ. Сондай-ақ, жұртты алаңдатқан трамвай депосы ақыры ашылмайтыны анықталды. Себебі, шойын жолдарды қалпына келтіру үшін 16,5 млрд теңге қажет. Оның орнына 3 есе арзан әрі тиімді болатын троллейбустарды көбейтпек. Әрі қосымша екі метро станциясының құрылысы жалғасады.
Сондай-ақ, базар мәселесі де Байбектің назарында екен. Бірінші кезекте Алтын Орда маңын тазартып, ірі магистраль салынбақ. Әкім енді көрінген жердің базарға айналуына жол бермейміз дейді.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
-Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарын қалжыңдап базар деп атайды. Бірақ бұл базардан сіз пойызға отыра аласыздар. Немесе әуежайды алайық, ол жерден сіз тіпті ұшып кете аласыз. Айтайын дегенім, біз кел-келген жерді базарға айналдырдық.
Былтыр бірнеше мектеп пен жүзден аса мектепке дейінгі орталықтар іске қосылғандықтан олардың сапалы білім беруі қажет екендігі айтылды. Ал үштілділік бағдарламасын сынға алудың орнына оның пайдасын ерте түсіну қазақ үшін қажет екен.
Бауыржан Бәйбек, Алматы қаласының әкімі:
-Қазақша білетін азаматтарды ағылшын тіліне үйрету керек. Білесіздер ғой, бір отбасыда бір адам жоғары шықса, жақсы жұмыс орнына ие болса, балаларын тартады, туыстарын тартады. Бір адам отбасын көтереді болашақта.
Ал сыни сұрақ қоятындарды әкімдік биыл есіктен сығалатпаған сыңайлы. Сондықтан болар, залда бос орындар да баршылық. Ал мәселесін айтып келгендердің сауалына әкім орынбасарлары мен басқарма басшыларының жауабы да дайын болды.
-Болады, нақты болады. Осы жылдан басталады. Екі жылда бітеді.
-Шешілетін болады, бюджетте қарастырылған.
-Шешіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!