Бекболат Тілеухан Білім министрін жекпе-жекке шақырды
Депутат министрді жекпе-жекке шақырды. Оқулықтағы қатеге қатты ашуланған Бекболат Тілеухан Білім министрімен шекісіп қалды. Депутат біраздан бері бастауыш сыныптағы «Сауат ашудың» көзін құртуды талап етіп жүрген. Бүгінгі айқайдан кейін еліміздің бас ұстазы мектептерге ақыры «Әліппені» қайтарамын деп әзер құтылды.
Автор: Жәудір Оразхан
20.02.2017
-Бүгін халық қалаулылары Білім министрін жан-жақтан қыспаққа алды. Сөзден сүрінбейтін Сағадиев барынша қорғануға тырысқанымен, шабуыл үдей түсті. Қып-қызыл тартыстың көрігін қыздырғандардың бірі Бекболат Тілеухан.
Өйткені депутаттың Білім министрін көрсе төбе шашы тік тұрады. Ол оқулықтардың ішіндегі өріп жүрген қатеден әбден мезі болған. Кітаптардағы күрделі тапсырмаларды бастауыш сыныпта оқитын ұл мен қызы түгілі жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Тілеуханның өзі түсінбей қиналып жүр екен.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
-2-ші сыныптың баласына 7-ші сыныптың баласының деңгейіндегіні жазып беру – бұл рухани диверсия, ұрпақты қолмен өлтіру. Осыны әдейі істей ме, әлде, ақымақ па осыны ісеген адамдар? Ереке, бұған жауап беріңіз. Ал егер қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде мен сізді жекпе-жекке шақырамын.
Мінін көптің көзінше бетіне басқаны үшін шамданған министр де қарап қалмады. Оқулықтан қате тапсаңдар, түзей салыңдар деп, мәжілісмендердің өздеріне шап берді.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Үш жүзден астам оқулықтар бар. Әр оқулық дайындағанда 100-ден астам адам соған қатысады. Енді сол оқулық дайын болғанда оны сайтқа салып елге көрсетеміз. Ол сайтта 6 ай тұрады. Сонда қарамайсыңдар ма? Депутатсыз ғой.Қарамайсыңдар ма дұрыстап?
Депутат пен министр арасындағы текетірес мұнымен шектелмеді. Тілеухан мен Сағадиев төменгі сыныптарға арналған «Сауат ашу» төңірегінде де біраз тартысты. Тығырыққа тірелген Білім министрі мектептерге ақыры «Әліппе» қайтаратын болды.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Қазір «Әліппе» болады, сосын 1-ші сынып Ана тіліне көшеді. 0 сынып «Әліппе» болады. 2019-жылдан бастап. Бірақ биыл жоба ретінде 2017 жылы бастаймыз.
Яғни, Әліппе тек екі жылдан кейін мектептерге толық қайта оралады. Сондай-ақ, Сағадиев биыл оқушылардың үй тапсырмасын барынша жеңілдетпек. Тіпті балаларға демалыс күндері тапсырма беруге тыйым салынуы да мүмкін. Ал атышулы электронды күнделікті әркім ерікті түрде пайдалануға құқылы екен. Ешкімді мәжбүрлемейді. Қазір еліміздегі 4 мың мектеп электронды күнделікті қолдануда. Ол үшін ата-аналар бір тиын да төлемейді деп сендірді министр.
- 3 жарым сағат сөйледі ғой бұл кісі.
Осылайша, депутаттарға білім беру саласына қатысты үш сағат бойы есеп берген Сағадиевтің Мәжіліс залынан шаршап шыққаны соншалық тілшілермен тілдесуге шамасы келмей тұра қашты.
Ал биылдан бастап мектеп бітірушілері дайындық кезінде интернет арқылы ҰБТ тапсыра алады. Яғни, түлек алдын ала деңгейін анықтау үшін үйде отырып-ақ сынақтан өтуіне болады. Сондай-ақ, Білім министрлігі биыл балабақшаға еліміз бойынша ортақ кезек орнатпақ. Оны да электронды жүйеге көшірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!