{metadescription}
Керекуде қар құрсауында қалған жұрт аш отыр
Керекуде қар құрсауында қалған жұрт аш отыр

Керекуде қар құрсауында қалған жұрт аш отыр

Кереку өңірінде жұрт қар құрсауынан шыға алмай отыр. Әсіресе, Павлодар ауданына қарасты Маралды ауылы тұрғындарының жағдайы қиындап кеткен. Қалың қардан қатынас үзіліп, елді мекендегі қос дүкенде азық-түлік таусыла бастапты. Тұрғындар әкімдік пен құтқарушыларға хабарласқанымен, атқамінерлер қалың қарды тазалап үлгермей жатыр.

-500-ге жуық тұрғыны бар Маралды ауылына төрт күннен бері кіріп-шығу мүмкін болмай тұр. Ұйытқып соққан боран кірер жолды түгел жауып тастаған. Қазір мұнда қардың биіктігі 3 метрге жуықтайды. Техника күні-түні жұмыс істегенімен, қарды тазалап бітер емес.

Айнұр Әбуова – көп балалы ана. Облыс орталығында жұмыс істейтін ол апта басталғалы ешқайда шыға алмай жүр. Басшыларына жағдайды айтып түсіндіргенімен, осы айда жалақыдан қағылам ба деп алаңдаулы.

Айнұр Әбуова, Маралды ауылының тұрғыны:

- Жұмысқа шыға алмай отырмыз. Хабарласып айттық бәріне, ешқандай көмек берген жоқ. Жолдасым жексенбі күні кеткен жұмысқа содан үйге келе алмай жатыр.

Жол түгілі, мұндағы көшелерді де қалың қар басқан. Ауылға бағыт аршылмағандықтан түсірілім тобына бірнеше шақырым жаяу жүруге тура келді. Толассыз жауған қар астында қалған оншақты үйдің тұрғындары сыртқа көршілерінің көмегімен шыққан. Дүлей боранға мұндағы шатырлар да шыдас бермепті. Ал төрт тәуліктен бері нансыз отырған жұрттың атқамінерлерге өкпесі қара қазандай.

Рәзия Сәденова, Маралды ауылының тұрғыны:

-Менде қант ауруы, инсулинға тәуелдімін. Инсулин бітіп қатты ауырып қалсам мен қалаға жетуім керек? Енді қалай әрі қарай өмір сүреміз?

Ал ауыл әкімінің айтуынша, мұндай жағдай соңғы он жылда болмаған. Жұмысшылардың жолды тазалап үлгермей жатқанын мойындаған шенеунік әйелдерге нанды қалай пісіру керектігі туралы кеңес берді.

Базарбай Әбиев, Шақат ауылдық аймағының әкімі:

- Уақытында тазаламай мердігеріміздің жұмысы ақсап жүр. Қазақ елі жайлауда болсын, қайда болсын нанды үйде пісірді ғой. Сонда ол қазір қолымыздан келеді бәрі. Бүгінгі күннің әйелдерінің бәрі біледі ғой енді қалай пісіретінін.

Елді мекендегі қос дүкенде азық-түліктің таусыла бастағанын айтқан жұрт енді қар басқан жолдың толық аршылғанын асыға күтуде. Ал көктем келісімен қызыл судың астында қаламыз ба деп тағы қорқады. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде