Алматы облысында оқушыларынан таяқ жеген мұғалім оқиғаның қалай болғанын айтты
Ал Алматы облысында музыка пәнінің мұғалімін аяусыз соққыға жыққан үш оқушыға қатысты сот үкімі шықты. Жасөспірімдерге шартты мерзімге жаза кесілді. Алайда сотталушылар сол күйі тағылған айыпты мойындамай, жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болғандарын айтуда. Сөйте тұра өздерінің кінәсіз екендерін сотта дәлелдей алмаған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.04.2017
Текелі қаласының үш оқушысы Сүндет, Сүлеймен, Ержан адамға ауыр дене жарақатын келтіру және ұрлық бабы бойынша айыпталған. Тергеу мәлеметтеріне қарағанда, үшеуі ұстазды түн жарымда аяусыз соққыға жағып, тонап кетіпті. Енді осы қылмыстары үшін жазаларын алып отыр.
Айнаш Рахымбаева, Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы:
-Топтасып бұзақылық жасады деп айыпталған біреуі рақымшылықпен ақталып шықты. Ал, екі жасөспірім қасақана ауыр жарақат келтіру және бұзақылық бабы бойынша кінәлі деп танылды. Олар 5 жылға шартты мерзімге сотталды.
Дегенмен сотталушылар өздерін кінәсізбіз дейді. Айтуларынша, қылмыс болған сәтте олар үйлерінде мессенджер арқылы достарымен байланысып отырған. Оны вацаптағы хабарлама арқылы дәлелдеген көрінеді.
Ержан Есенбеков, сотталушы:
-Сол дәлелімізді байланыс операторына жібердік. Олар уақытты өзгертуге болмайды деп жауап қайтарды. Алматыдан бізге бір маман келіп, қылмыс болған кезде үйде болғанымды дәлелдеп берді. Сот сол дәлелдерге қарамады.
Оқиға былтыр қыркүйекте болған. Бірақ, арыз тек 3 айдан соң жазылыпты. Мұғалімнің мұнысын айыпталушылардың жақындары түсінбей дал. Адвокат та бұл істе шикілік бар дейді. Себебі жалғыз куәгердің өзі тек 3 айдан соң төбе көрсеткен. Ал 30 жасар музыка пәнінің мұғалімі Бердібек Тұрсынбек бұл оқиғаны қорқынышты түстей ұмытқысы келеді. Өйткені, оқушылардан таяқ жегеніне қымсынады екен. Әрі шәкірттерімнің үстінен арыз жазу ойымда жоқ еді дейді. Бірақ кейіннен амалсыз солай етуге мәжбүр болыпты.
Бердібек Тұрсынбек, музыка пәнінің мұғалімі:
-Жансақтау бөлімінде жаттым. Есімді жинай бастағанда, Сүндет деген баланың шешесі осыннда аға медбике болып істейді екен. Сол кісі мазалай бастады. Күштеп қағаз жаздырып, қорқытты. Содан мен шешем мен әкеме айттым. Олар полицияға арыз берді. Мен тоғыз күннен кейін есіме түсірдім, олардың өзімнің оқушыларым екенін.
Шағын қаладағы мұғалім мен оқушылары арасында болған дау мұнымен бітпейтін тәрізді.Өйткені, енді сотталған балалардың ата-аналары ұстаздың екі ұдай түсініктеме бергені үшін енді өзін сотқа сүйремек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!