Шымкенттегі қаптаған қытай шенеуніктерді шошытты
Шенеуніктер Шымкентте шетелдіктердің қаптап жүргеніне алаңдаулы. Себебі, күнгейдегі мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеп жатқан 4 мың қызметкердің 3 мыңы Қытай азаматы екен. Бұл жайтты Энергетика министрі Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кәсіпорын жұмысымен танысу кезінде кездейсоқ біліп қалған.
Автор: Бек Әбиев
14.04.2017
Акциясының 50 пайызы отандық компанияға, ал екінші жартысы қытайлықтарға тиесілі болса да, зауыттағы жұмысшылардың көбі Қытайдан келіпті. Мұның себебін кәсіпорын басшыларынан сұрап, тұщымды жауап ала алмаған министр мен әкім мұнай зауытына ескерту жасады. Сондай-ақ, 3 миллионға жуық тұрғыны бар аймақтан қарапайым қазақ жұмысшыларын таппай да, тартпай да жүргендерге шүйліккен шенеуніктер осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Бұл зауыт ары қарай да жұмыс жасай береді. Жаңарып, қуаттылығы да артып жатыр. Сондықтан, бұл өндіріс орнында басқарушы және инженерлік-техникалық қазақ кадрлары болуы керек. Құлақтарыңызға алтын сырға, жергілікті мамандарды жұмысқа көптеп тартып, оларға осы істің қыр-сырын үйретіңіздер. Бұл біз үшін өте маңызды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!