Атырау облысының тұрғыны күйеуінің улы су ішіп жан тапсырғанын дәлелдей алмай жылап жүр
Жесірдің жанайқайы! Әділдікке қол жеткізе алмай жүрген Әзиза Қадыралинаның айтуынша, жұбайы Атырау облысындағы кен орындарының бірінде улы су ішіп, жан тапсырған. Тіпті, оның сол судың құрамындағы бутанолдан уланғанын дәлелдейтін сараптама қорытындысы да бар екен. Бірақ тергеушілер қылмыстық құрам жоқ деген желеумен істі 4 рет ашып, төртеуінде де жауып тастапты. Енді жесір келіншек қайда арызданарын білмей отыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
25.04.2017
Әзиза Қадыралина жұбайының ауыз судан уланып өлгеніне сенімді. Тіпті, дәлелі де қолында. Сөзіне сенсек, кен орнындағы жұмысшылар ыдыстағы таза ауыз су бітіп қалған жағдайда, техникалық суды пайдалана беретін көрінеді. Осындай суықтықтан ауыз тиген Қуанышбек Қадыралин кейін өзін жайсыз сезініп, ақыры үйіне жеткен бетте жан тапсырған.
Әзиза Қадыралина, марқұмның жесірі:
-Жоғары жақтағылар, әсіресе Жылой аудандық ішкі істер бөлімі мен прокурорлардың әрекеттеріне назар аударса екен. 4 рет іс қозғалып, 4 рет еш себепсіз жауып тастап отыр. Бұлардың аузын жапқан ғой. Қолымда дәлел бәрі бар. Бірақіс жабыла береді!
Аяқасты асыраушысынан айрылып, кішкентай қызымен далада қалған Әзиза қазаға әкелген жайтқа жол бергендер жазаланса дейді. Кінәларын сезсе керек, компания басшылығы әуелгі кездері пәтер алу үшін 7 миллион теңге көлемінде қаржылай көмектесуге уәде еткен. Бірақ қылмыстық іс қысқартыла салысымен, ол уәделерін ұмытыпты.
Серік Жайлин, «Мұнай сервис LTD » ЖШС директорының орынбасары:
-Қуанышбек қайтыс болған кезде оның отбасына 700 мың теңге көмек көрсетілді. Бәлкім, болашақта тағы да қарастырылатын болар. Оны шешетін жоғары басшылық бар. Сондықтан, дәл қазір мен анау-мынау деп ештеңе айта алмаймын.
Аудандық ішкі істер бөліміндегілер де өздеріне шаң жуытпады. Оларға сенсек, қылмыстық іс заңға сәйкес қысқартылған. Ал осы уақытқа дейін оны қараған тергеушілер қазір басқа қызметтерге ауысып кеткен. Енді жәбірленушінің арызынан соң ғана іс қайтадан қозғалғалы жатыр екен.
Нұржан Жетенов, Жылой аудандық ІІБ аға тергеушісі:
-Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу басталып жатыр. Жәбірленушінің көрсеткен уәждері тергеу барысында жүргізіліп, прокурорлық қадағалау арқылы түпкілікті шешім қабылданады.
Жұмысшылар неге техникалық су ішуге мәжбүр? Әзизаны мазалайтын осы жайт дер кезінде ескерілгенде, отағасы тірі болар ма еді дейді. Бірақ атыраулық құзырлы орындардан әбден көңілі қалған Әзиза бұл істі Астанадағы тиісті орындардың бақылауға алуын сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!