Ресейден соң Қазақстан «Иегова куәгерлерін» экстремистік ұйым деп тануы мүмкін бе?
Елімізде «Иегова куәгерлері» бірлестігіне қатысты шағым айтатындар көбейген. Мәселен, соңғы төрт айда 27 арыз түсіпті. Бірі бұл бірлестікке кіргендер қан құюға қарсы десе, екіншілері иегова куәгерлерінің кесірінен отбасымыз ойран болды деп ашық айтқан. Бұл іспен енді Дін істері министрлігі айналыса бастады. Өткен аптада ғана осы «Иегова куәгерлері» көрші Ресейде экстремистік ұйым деп танылған болатын.
Автор: Диас Нұрақын
27.04.2017
Марина Калиновская «Иегова куәгерлері» діни бірлестігіне 15 жыл мүше болған. 90-шы жылдары осы ұйымға қабылданып, жалғыз ұлын да соған кіргізген. Бірақ уақыт өте келе «Иегова куәгерлері» бірлестігі ешқандай да дін емес таза бизнес екеніне көз жеткіздім – дейді ол. Жұрт аптасына үш рет інжілді жаттап қана қоймай, жарна төлеп тұруға тиіс екен. Кейбірінің тіпті берілгені сонша, мал-мүлкіне дейін Иегова куәгерлеріне өткізіп жіберіпті. Осының бәрін көзбен көрген Марина 8 жыл бұрын ұйымнан біржолата кетуді ұйғарған. Бірақ кезінде өзі кіргізген жалғыз ұлы әлі сонда жүр. Ана мен бала арасында байланыс та үзілген.
Марина Калиновская, Алматы қаласының тұрғыны:
- Ұлымды Иегова куәгерлері ұйымына өзім кіргізіп едім. Қазір оның отбасы бала-шағасы бар. Барлығы да осы дінді ұстанады. Бірақ ұйымнан шыққаным үшін балам менімен араласпайды. Өйткені шарты сондай. Міне, 8 жыл болды жалғыз ұлым қоңырау шалып немесе іздеп келген жоқ. Өмірімдегі ең үлкен қателігім осы болды деп ойлаймын.
«Иегова куәгерлері» отбасымды ойрандады деген жалғыз Марина емес. Еліміздің Дін істері министрлігіне соңғы 4 айда осы бірлестіктің үстінен 27 шағым түскен. Көбі Қазақстан аумағында ресми рұқсат берілген «Иегова куәгерлері» бірлестігін жабуды сұрайды екен.
Бақытжан Күлекеев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
-Биылдың өзінде 27 шағым түсті. Соның ішінде Иегова діни бірлестігіне көңіл аударады. Мұның ішінде ҚР рәміздерін мойындамау мәселесіне көңіл аударады, қан құю мәселесіне яғни ауыр жағдайда жатқан азаматтарға қан құйғызуға қарсылықтары бар. Осы мәселелерді айта отыра азаматтар Иегова куәгерлері бірлестігіне тыйым салу сұрағын жиі көтереді.
Ал Ресейде «Иегова куәгерлеріне» өткен аптадан бастап тиым салынды. Көрші елдің Жоғарғы соты тіпті бұл діни бірлестікті экстремистік ұйым деп танып, дүние-мүліктерін тәркілеп жатыр. Бірақ бұл шешімге бүкіл әлемдегі иегова куәгерлері қарсы шығуда. Осы ағымның жетегіне ерген қазақтар да теріскейдегі жағдайға алаңдап отыр екен.
Бекзат Смағұлов, «Иегова куәгерлері» діни орталығының ресми өкілі:
-Иегова куәгерлері тәурат, зәбір, інжілге сүйенеді. Бұл жазбалар адамдарды тек жақсы көруге талпындырады. Жақыныңды сүю, билікті сыйла. Сондықтан «Иегова куәгерлері» ешқашан да экстремистік әрекетке бармаған және бармайды да.
Ізгілік жолын ұстанамыз деген Иегова куәгерлерінің қатары жыл сайын жер бетінде көбейіп келеді. Мәселен, Ресейде осы бірлестікке мүше 170 мың адам бар. Ал Қазақстанда «Иегова куәгерлерінің» 60-қа жуық діни бірлестігі мен 17 мыңнан астам мүшесі бар. Ресми тіркеуден өтіп алған олар ел аумағында осы ағымды еркін насихаттап жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!