{metadescription}
Астанада миллиондарға сатып алынған дәретханаларды қаңғыбастар паналап алған
Астанада миллиондарға сатып алынған дәретханаларды қаңғыбастар паналап алған

Астанада миллиондарға сатып алынған дәретханаларды қаңғыбастар паналап алған

Астананың қоғамдық орындары мыңдаған туристі қабылдауға дайын емес. Әні-міне ЭКСПО көрмесі ашылатын шаһар көшелерінде іске жарамды бірде бір дәретхана жоқ. Ал халықаралық көрмеге әлемнің түпкір-түпкірінен үш миллионға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Олардың дәрет қысқанда қайда баратынына әкімдік бас қатырмайтын сыңайлы. Осыдан екі жыл бұрын, 180 миллион теңгеге Еуропадан алдырған 15 дәретхана болса сол күйі қаңырап тұр. 

Сербияның сұр түсті әжетханалары Астанаға 2015-тің жазында орнатылған. Сантехникасынан бастап, сымына дейін сын тағылмайтын солардың сиқы қазір мынадай. Оған жүз теңгесін сүңгітіп, қажетін өтей алмаған соңғы пайдаланушы Тимур Асылханов. Блогер бұл бассыздықты видеоға түсіріп жариялағаннан кейін әжетхана тоқтан ажыратылыпты.

Тимур Асылханов, блогер:

-Бұл кез-келген қаланың проблемасы. Айғайлатып тұрып, алыстан халық қамы үшін деп бірдеңе әкеледі, сосын ол істемей жатады. Ең бастысы, ақпарат құралдарында әкелді, орнатты, ашылды деген материал шықса болды. Оның одан кейінгі жағдайы әкімдікке керек емес.

Қалған еуропалық әжетханалардың да жайы белгілі болды. Астанада осындай 15 орынның бір де бірі жұмыс істемейді екен. Әу баста айналасында бейнебақылау бар делінген нысан тоналып, ашық-шашық жатыр.

Бекет Мұқашев, Астана қаласының тұрғыны:

-Бастықтардың барлығын осы жерге алып келу керек. Бір 5-6 сағат осы жерде ұстауға. Сосын көреміз не істейді олар.

15 әжетханаға 180 млн бөлінгенін ескерсек, біреуінің құны 12 млн теңге. Бұл ақшаға Астанадан іздесең екі бөлмелі пәтер табасың. Олқылықтың орнын сол баспанаға зәру жандардың өздері толтырыпты.

Аяқасты қаланың қақ ортасынан баспана бұйырған Анатолий еуро-әжетхананың сапасына көңілі толатын Астанадағы жалғыз адам.

Анатолий :

-Бұл жер люкс сапалы шағын қонақүй ғой. Бұл жерде бір түн түнеп шықтым. Әдетте далада, талдың түбін, саяжайларды паналаймын. Құжаттарым түгел, сондықтан полицейлер тиіспейді.

Әжетханалардың нақты құнын, оның неліктен қирап тұрғанын сұрап, өткен аптада әкімдікке хат жіберген едік. Бірақ шенеуніктерден сол күй жауап жоқ.

Қатты қысылып, амалсыз терек түбіне дәрет сындырғандарға заңда жаза қатаң. 22 мың теңге айыппұл төлеуге тура келеді немесе он тәулікке темір торға қамаласың. Ал қазір Астана көшелерінде бірде-бір қоғамдық әжетхана жоғын ескерсек, шахар басшылығы қала тұрғындары мен қонақтарына заң бұзудан басқа амал қалдырмай отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде