Көкшетауда бір топ тұрғын жөндеуге деп берген жиһаздарын таппай сабылып жүр
Ғаламтордан тапқан әлдебір шеберлерге ақшасын да төлеген екен. Енді сол шеберлерден де, үй-үйден әкетілген дүние-мүліктен де хабар жоқ. Қолдарына мөрі бар бір жапырақ қағаз ұстап қалған 30 отбасы алданғандарын кейін түсінген.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
15.05.2017
-Ғаламтордағы «жиһаз жөндейміз» деген хабарландырудағы, әсіресе, үйден артып алып кетеміз деген қосымша қызмет тұрғындарды қатты қызықтырыпты. Телефон шалсаң болды, жүк тиеушілер келіп, жөндейміз деп дивандарын да, ақысы деп ақшаларын алып кетіп отырған.
Ағаш шеберіміз дегендер үй басынан 50 мың мен 100 мыңға дейін санап алып, кетерде мөр басылған кепіл қағаз қалдырыпты.
Яна Плахотник, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Диваным мен екі кресломды 300 мыңға алғам. Үйге жөндеу жасап, интерьерді өзгерткен соң, басқа түске ауыстырғым келді. Өзіміз көмектесіп артып бердік, жартылай ақшасын да бердік.
Осылай жоқ іздеп жүрген көкшетаулықтар саны отызға жуық. Кері қайтпаған жиһазды тұрғындардың бірі далада жатқан жерінен тапқан. Сол 1 диваны мен 4 креслосын жөндетуге 50 мың теңге берген екен.
Айгүл Рахымжанова, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Таң қалып тұрмын.6 ай болды, Жоқ дивандарым, креслом. Міне, мына жерде жатыр, сұмдық қой.
Алданған тұрғындар дүниесін артып әкеткен адамдарды полицияға өздері ұстап беріпті. Полиция болса қылмыстық әрекет жоқ деп оны босатып жіберген. Өзі де алаяқтық іске еш қатысым жоқ деп азар да безер.
Эдуард Ким, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Мен тек жиһаздарды артып, қажет жерге апарып отырдым. Менің қатысым жоқ. Рыжих деген жігіт қожайын. Ол несие алып, бәрін қайтарамын деген.
Осылайша, тапа-тал түсте дүниесі мен ақшасынан айырылған көкшетаулықтар енді сотқа да, полицияға да арыздана алмай отыр. Сондықтан, оларға жоғалған жиһаздарын өздері іздеп сабылудан басқа амалдары жоқ сыңайлы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!