Елімізде банк алдында берешегі бар адамдардың қарызы кешірілуі мүмкін
Қаржы министрлігі ипотекаға баспана алып, несиесін төлей алмай жүрген азаматтарға жеңілдік жасайтын жаңа заң жобасын әзірлеп жатыр. Бірақ мұндай жақсылықтан барлық тұрғын үміттене алмайды. Жеңілдікке кімдер ілігуі мүмкін?
Автор: Жәудір Оразхан
06.06.2017
Заң жобасы күшіне енген соң, банктер жұрттың қарызын жаппай кешіреді деу бекер. Жеңілдік тек әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз, мүгедек азаматтарға жасалады. Құжат бойынша, бірінші берешегі бар адам мен банк өзара келісім жасайды. Борышкер банкке жағдайын түсіндіріп, айлық төлемді тоқтатуды және қарызды бірнеше жылдан кейін қайтаруды сұрайды. Ал банк клиентті күтуі тиіс. Егер тараптар бұл талапқа көнбесе, бір-бірін сотқа береді.
Айгүл Уәлиева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
-Сот жан-жақты зерттеу жүргізеді. Бұрын борышкер үстінен қылмыстық іс қозғалмаса, оның материалдық жағдайы шынымен де қиын болса, жеңілдік жасалады. Судья отбасылық жағдайын да ескеріп, оның қарызын толық кешіру туралы шешім шығаруы мүмкін.
Және егер несиеге алынған пәтер борышкердің жалғыз баспанасы болса да қарызы кешіріледі де, үй иесінде қалады. Үкімет мұндай жеңілдік жасауға мәжбүр. Өйткені, соңғы кезде елімізде берешегі бар азаматтар саны күрт артыпты. Қазір ипотекаға алған баспанасының қарызын төлей алмай жүрген 338 мың адам бар. Олардың берешегі 1 жарым триллион теңгеге жеткен. Солардың бірі Астана тұрғыны Нұрхан. Ол ипотекаға 9 жыл бұрын банктен 75 мың доллар несие алып, үш бөлмелі пәтер сатып алған. Ұлттық валюта құнсызданған соң Нұрханның қарызы теңгеге шаққанда 400 мыңнан асыпты. Ал жалғыз өзінің табысы төрт баласының тамағынан артылмайтын деңгейге жеткен соң, ол 2 жарым жыл банкке бір тиын да төлемей жүр.
Нұрхан Садықов, Астана қаласының тұрғыны:
-Доллар өсті, қарыз да өсті. Қайта қаржыландыру жасадым. Бірақ қазіргі курспен өттім. Жалғыз жұмыс істеймін. Қиын болып тұр.
Енді Нұрхан жаңа заңның шапағаты тие ме деп үміттеніп отыр. Алайда, борышкерлерге жасалып жатқан жеңілдік банк қожайындарына ұнап отырған жоқ.
Айгүл Уәлиева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
-Екінші деңгейлі банктер қиынсынып отыр. Олар егер бәрінің бірдей қарызын кешірсек, шығынға батамыз дейді. Оның үстіне наразылық білдіріп жатқан азаматтар бар. Қарызын өтеп қойған адамдар «неге бізге де жеңілдік жасалмады?» деп шағымдануда.
Жаңа заң тек ипотекалық несиеге емес, кез-келген қарызға қатысы бар. Тек алимент төлемей жүрген әкелердің бала-шағасының алдындағы берешегі мен кәсіпкерлердің қарызына жеңілдік жоқ.
Қаржы министрлігі қарызға қатысты заң жобасын әзірге жан-жақты талқылап, мамандардың пікірін тыңдауда. Және жеңілдікке ілінетін азаматтардың тізімін жасап жатыр. Шенеуніктер құжатты күзде Мәжіліске таныстырмақ. Егер депутаттар қолдаса, заң жобасы 2021 жылы күшіне енеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!