Көше кезген отбасы: Алматыда 7 баласын жетектеген батыр ана бас сауғалайтын жер таппай, қаңғып жүр
Өйткені, пәтер түгілі, қара нан алып жеуге жағдайы жоқ. Отағасы өзектен тепкендерді тума-туыс та, пәтер иелері де үйінің маңына жолатпайды. Сондықтан, шиеттей бала-шағаға жол шетінде отырып тамақ ішіп, шөп арасында түнеуден басқа шара жоқ.
Автор: Аида Мағыпар
23.06.2017
7 баласын жетектеген Шынар бүгін түнейтін жер іздеп жүр. Жоқшылық жүдеткен отбасының пәтер жағалап, кезбе өмір сүргеніне біраз болған. 3 күннен бері тіпті нағыз қаңғыбасқа айналыпты.
Шынар Сәрсенбаева, көпбалалы ана:
- Қожайыным: "Балам үйленеді, жөндеу жасаймын босатыңдар" деді. Ақша қосайын деп, айттым. Ол «жоқ» деді.
Содан бері бұлар көше кезіп қалған. Өйткені, басқа барар жері жоқ. Ал, отағасы 4 жыл бұрын 7 баланы еңіретіп тастап кетіпті. Тума-туыс та теріс айналған. Ыстық тамақ жеу шиеттей мына бала-шағаға арман. Өйткені, батыр ананың мемлекеттен алатын 14 мың теңгесі қара наннан артылған емес!
Толқын Сәрсенбаева, Шынар Сәрсенбаеваның қызы:
- Тамақты далада ішеміз. Кішкене балалар жылайды. Екеуі әлі оны түсінбейді.
Бұл отбасы ең болмаса жалдауға арзан баспана тапсақ дейді. Бірақ, оны да іздей-іздей шаршаған. Өйткені, баланың көптігін естіген пәтер иелері тұтқаны қоя салады. Сәрсенбаевтар көмек сұрап шенділерді де жағалаған. Бірақ, олар да көмектесуге қауқарсыз.
Жанна Қожамбердиева, Наурызбай ауданы әкімдігі әлеуметтік сала бөлімінің басшысы:
- Бұл кісілер Алматы қаласында тіркеуде тұрған жоқ. Қаскелең ауданында тіркеуде тұр. Сол үшін үй мәселесін, пәтер мәселесін шешу біздің қолымыздан келмейді.
Алайда, көпбалалы отбасының аянышты тағдыры шенділерді бей-жай қалдырмапты. Сондықтан, қазір олар қоғамдық қорлармен сөйлесіп, бұларға бас сауғалайтын жер іздеуде. Ал, батыр ана көпке қол жаюдан аулақ. Арзан пәтер табылса, 7 баласын өз еңбегімен асырауға дайынмын деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!