Ең көп шағым түсетін мемлекеттік органдардың көшін Ұлттық банк бастап тұр
Тұтынушылардан ең көп шағым түсетін мемлекеттік органдардың көшін Ұлттық банк бастап тұр. Халықтан келген 23 мың шағымының жартысынан көбі осы ұйымға жолданыпты. Жұрт Данияр Ақышев басқаратын мекемеден валютамен алынған қарыздары бойынша екінші деңгейлі банктерден араша сұрайды екен. Премьер-министр үкіметті бұл мәселеде халық жағына шығуға үндеді.
Автор: Азамат Алдоңғаров
04.07.2017
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
-Айтылған барлық мәселелерді жинақтап, талдау керек. Одан кейін барып тиісті шешім қабылдаймыз. Ұлттық экономика министрлігіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғауда берік ұстанымда болуды міндеттеймін. Халықтың құқықтары туралы ақпараты аз деп жатыр ғой. Осыны ескеру керек.
Халықтың 19 пайызының Ұлттық экономика, 11 пайызының денсаулық сақтау бойынша және 10 пайызының орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне көңілі толмайды. Тұтынушылардың тұрғын үй коммуналдық қызметіне шағымы көп . Көп жағдайда халық өз құқықтарынан бейхабар. Мәселен, бұдан былай бір қызмет түрі бойынша қарыз үшін, коммуналдық шаруашылықтың тұтынушыны басқа қызметтен ажыратуына құқығы жоқ екенін білмейді. Сондай-ақ, енді бас тартқан тауар немесе қызметтің ақшасын қайтарғанда ескіше оның 30 пайыз құнын ұстап қала алмайтыны да есте болғаны жөн. Бұл әуе, темір жол билеттеріне қатысты. Үкімет жақын арада ғаламтор арқылы суретке сеніп сауда жасайтындардың да құқығын қорғамақшы. Ол үшін интернет-дүкендердің жауапкершілігі айқындалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!