Павлодар облысында шенеуніктер қаза тапқан шекарашының ескерткішін алып тастауды талап етті
5 жыл бұрын атышулы Арқанкерген бекетіндегі қырғында мерт болған Денис Рейге арналған мүсін өзі оқыған колледжде орнатылған. Енді ол жерді жалға алу мерзімі аяқталғандықтан, атқамінерлер шекарашының анасына «ескерткішті өз есігіңнің алдына орнат» деп кеңес беріпті. Кезінде Челахтың қолынан қаза тапқан шекарашылардың мәйіттерінің арасынан павлодарлық жігіттің денесі табылмаған болатын. Сол себепті ұлдарын дұрыстап жерлей де алмаған отбасы ескерткішті ұлдарының зиратындай көреді екен.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
23.08.2017
Успен аграрлық колледжінде шаң басқан бюсттің жанында жылап тұрған Денис Рейдің анасы – Татьяна. Ұлы осыдан бес жыл бұрын 19 жасқа толар толмас шағында атышулы Арқанкерген шекара бекетінде қаза тапқан. Бұл колледжде 4 жыл оқыған Денис көзі тірісінде спортпен шұғылданып, білім ордасының барлық шараларына белсене қатысушы еді дейді анасы. Енді, міне, шаң басқан суретін сүртетін де ешкім жоқтығын айтып отыр.
Естеріңізге салсақ, Арқанкергендегі қырғын 2012 жылғы мамырдың аяғында болған еді. 14 жауынгер мен бір орманшыны атып, заставаны түк қалдырмай өртеген Владислав Челах қазір өмір бойына түрмеге тоғытылған. Ал Денис Рейдің денесі адам танымастай күйген мәйіттердің арасынан сол күйі табылмады. Анасы сөйтіп марқұм ұлын жерлей де алмаған.
Татьяна Рей, Денис Рейдің анасы:
-Аудан әкіміне хабарластым. Ол маған «ескерткішті өз есігіңнің алдына не сарайға қой, болмаса соғыста қаза тапқан әкеңнің зиратының жанына орнат» деп кеңес берді. Гипстен жасалған бейне бір жаңбырдан қалмайды ғой. Оны қалай далаға қоямын?
Оқиғаның ізі суымай тұрғанда, облыстың сол кездегі әкімі Ерлан Арын шекарашының туыстарына ауылдағы бір көшенің атын беруге уәде еткен екен. Онысы сөз күйінде қалыпты. Өз ақшаларына ескерткіш жасатқанда да, оны шенеуніктер мүсіннің не тарихи, не мәдени маңызы жоқ деп ауыл мұражайына қойдыртпаған. Ақыры бюстке жігіт оқыған колледжден бір жылға ғана орын табылған екен. Бір жылдың орнына бес жыл тұрған ескерткіштің жырын естіген шенеуніктер тілшілердің көз алдында оны қоятын жер іздей бастады.
Сергей Саламацкий, Успен ауданының әкімі:
-Ескерткішті аудандағы №2 мектепке орнатуға болады. Денис Рей сол білім ордасында оқыған. Соғысы ардагерінің атындағы мектепте арнайы мұражай бар. Соған қоюға болады, мысалы. Әлі де қарастырамыз, орын табамыз.
Рей сол оқиғадан кейін тек бір жылдан соң ғана ресми түрде қаза тапты деп танылған болатын. Шенеуніктердің құрғақ сөзіне қарқ болған Денистің туыстары өз қалталарынан бір миллион теңге шығарып жасатқан ескерткіштің енді қайда тұратынын да білмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!