Ақтөбеде зираттардың аукцион арқылы сатылуы жұрттың ашуын туғызды
Ақтық сапарға да ақша керек! Ақтөбе іргесіндегі қорымдар жаппай жалға беріліп жатыр. Қазірдің өзінде әкімдік елу зиратты аукцион арқылы жеке компанияның басқаруына берген. Ал тұрғындар бұған қарсы. Өйткені кәсіпкер бейіт басын таза бизнеске айналдырмақшы. Тіпті марқұмды қара жерге арулап жерлеудің өзіне жүз мыңдай теңге сұраған.
Автор: Жаңалық Ахаш
19.09.2017
Қурайлы ауылындағы қос қорым тұрғындардың рұқсатынсыз жекенің қолына өткен. Оны мұндағы жұрт әкімдіктің сенімхатын алған компанияның қызметкерлерінен бір-ақ біліпті. Енді адам жерлеу үшін ақша алатындарын естігенде жаппай қарсы шығуда.
Нұржан Жанаев, Қурайлы ауылының тұрғыны:
-Әкім келді де тендерге қойып сатып жіберген. Халықты сорып мал табу. Біздің талабымыз мына тендерден бәрін босатсын. Қайтадан өзімізге берсін мәйітті.
-Ақтөбе іргесіндегі елу қорымды қалалық әкімдік аукционға қойған. Оны жалғыз компания ұтып алыпты. Ал олардың қызметі үшін қойған бағасынан тұрғындар шошып отыр.
Қурайлы ауылының тұрғындары қалтасында ақшасы жоқтары көмілмей қала ма деп қорқады. Өйткені тендер ұтып алған компания жоқ-жұтаңды жерлеуге 20-25 мың теңге, қалғандарына жүз мың теңгедей құн қойыпты. Ал әкімдіктегілер болса қорымды жекеге беруден қазына қаржысы үнемделеді деп ақталуда.
Нағымжан Алдияров, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
-Қаланың бюджетінен тек қана бір бейітті ұстап тұруға 20-25 миллион қаржы кетеді. Қазір қалалық бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді.
Бір айта кетерлігі, осы күнге дейін әкімдіктегілер қаладағы елу қорымның біреуін ғана қаржыландырып келген. Қалған қырық тоғызының тазалығына бір тиын да бөлінбеген. Сондықтан тұрғындар бейітті бизнеске айналдырмай, бұрынғысынша халықтың қарауына қалдыру керек деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!