ШҚО-да тура сабақ кезінде сыныптың төбесі құлап, 4 бірдей оқушыны басып қалды
Қирандының астында жаншылып қалған балалардың үшеуі аса ауыр жағдайда. Ал төртіншісінің қолы қатты зақымдалған екен. Сабақ үстіндегі кісі шошырлық жағдайға полиция араласты. Ал балаларының басына цемент түскенін естіп есі шыққан ата-ана болған жайтқа мектеп директорын кінәлап отыр. Өйткені, әбден тозығы жеткен білім ошағының нақ осы бөлігінің әне-міне құлағалы тұрғанын басшылық оқу жылы басында-ақ білген көрінеді.
Автор: Аруна Ортай
17.11.2017
Бүкіл Усть-Таловка елдімекенінің тұрғындары жаппай үш баланың өмірі үшін уайымдап отыр. Таңертеңгісін аман-есен мектепке кеткен оқушылардың тура сабақ кезінде басына сыныптың төбесі құлап түскен. Қайта үзіліс боп, қалған отыз оқушы сыртқа шығып аман қалыпты. Бөлмеде қалған 4 баланың үшеуі жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Ал біреуінің тек қолы ғана жаншылған. Балалары өлім аузында жатқан ата-аналар енді білім басшыларын жаппай сотқа бермекші.
Икрам Абдукаппаров, зардап шеккен оқушының әкесі:
-Жағдайда ести сала, мектепке ұшып келдім. Ұлымды жедел-жәрдем әкеткелі жатқанда көріп қалдым. Бәрін дәкемен таңып тастапты. Ал ұлымның мойнында корсет тұрды. Мұны бұлай қалдырмаймын. Кінәлілер жазасын алуы тиіс.
Зардап шеккендер небәрі 3-сынып оқушылары екен. Олардан бөлек бөлмеде пән мұғалімі де болыпты. Төбедегі тықыр еткен дыбысты естіп қойған ұстаз дер кезінде шегініп үлгерген.
Елена Травникова, пән мұғалімі:
-Төбеден сықырлаған дыбыстарды жиі еститінмін. Өзі әбден ескірген еді. Қалай құлағанын түсінбей қалдым, бәрі көзді ашып-жұмғанша болды.
Іске дереу полиция араласты. Десе де, оқиғаның анық-қанығы анықталмай жатып, мектеп басшысы әлден басын ала қашып отыр. Айтуынша, қызметке қаңтарда ғана тұрған екен. Содан бері мектептің ескі екенін де білмепті.
Рустам Найманбаев, мектеп директоры:
-Мен жұмыс істегелі күрделі жөндеу жұмыстарын өткен жоқ. Бірақ, оны осы жақында жасаймыз деп отырмыз. Келесі жылы есік-терезелерді ауыстырып, бастауыш сынып отыртаны бөлікті рететйміз.
Десе де, жанұшыраған ата-аналар басшының жалтарып отырғанын айтады. Өйткені, өткен оқу жылы аяғында бәрі жабылып жаңа мектеп сұраған екен. Бірақ сол күйі аяқсыз қалған. Салғырттықтың салдарын енді оқушылар көріп отыр.
Татьяна Хвостопятова, Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
-Балалардың жағдайы ауыр. Қолдан келген ем-домды жасадық. Үшеуі де ми жарақатын алған. Енді тек күту ғана қалды әрі қарай ағзалары күреседі жарақаттармен.
Ал Астафьев атындағы білім ошағының әбден тозығы жеткенін көзді жұмып-ақ көруге болады. Едендері сықырлап, терезе-есіктері ді ілініп тұр. Ал балалардың басын қауіпке тіккендер 60 жыл бұрын салынған ғимараттың сыртын ғана ақтап-сырлап, қаусап тұрған кемшілігін осы күнге дейін жасырып келген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!