Атышулы «Ағайынды төртеудің» жетекшісі мұнайдан түскен пайдаға қару-жарақ сатып алған
Ақтөбеде мұнай ұрлаған қарақшылардың келтірген шығыны белгілі болды. «Ағайынды төртеудің» басшысы Еркін Ізбасар бастаған топ 39 миллион теңгенің қара алтынын жымқырған. Әйтсе де, айыптаушылар бұған күмәнмен қарап отыр. Сондықтан сотқа шығынды есептеген сарапшыны шақыртуды сұрады.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.12.2017
Ақтөбедегі мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сот ғимаратының бұл жолы да күзеті күшейтілген. Көше бойынан көлік жүргізбейді. Ғимаратқа тек алдын ала тіркелген адамдарды ғана тексеріп кіргізеді. «Ағайынды төртеу» деген атпен танымал мафияның серкесі Еркін Ізбасар бастаған топ сотта жауап беріп жатыр. Олардың он төртіне қатысты іспен ұлттық қауіпсіздік комитетіндегілер айналысса, қалған он екісін Ішкі істер министрлігіндегілер тергепті. Еркін Ізбасар өзін сотта тағы да еркін ұстады. Тағы да тағылған айыппен келіспейтінін айтып, сүттен ақ, судан тазамын деп отыр.
Айыптаушылардың айтуынша, Еркін Ізбасар осыдан 14 жыл бұрын қылмыстық ұйым құрған. Қару асынып, адам ұрлап, қарақшылықпен айналыстыпты. Әсіресе аймақтағы мұнай компанияларына тыныштық бермеген. Қара алтынын ұрлап, келтірген шығын 39 млн теңгені құрап отыр.
Елдар Әбиев, мемлекеттік айыптаушы:
-Еркін Ізбасар 2003 жылы өз ойын жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрып, оған «Ағайынды төртеу» деген ат берген. Ұйымдасқан қылмыстық топ 2016 жылға дейін болған. Олар қаруды сатып алу, сақтау, қолдану, қарақшылық шабуыл, аса ірі көлемде мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан. Қылмыстық топқа түсетін пайданы бөлу, топ мүшелерінің атқаратын қызметтерін бөлу секілді мәселелерді Еркін Ізбасар өзі шешіп отырған.
Еркін Ізбасар бастаған топтан жәбір көргенін айтып мұнай компанияларын қоса есептегенде 15 арыз түсіпті. Әйтсе де, сотқа тек екі жәбірленуші ғана келді. 257 томнан тұратын істің ұзаққа созылатын түрі бар. Себебі, 26 сотталушының жеке басымен танысып шығуға бір жарым сағаттай уақыт кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!