Семейде сағат жөндеушінің коллекциясы жұртты таңқалдырды
Семейде сағат жөндеуші болып жұмыс істейтін 63 жастағы тұрғын осы бұйымның сан түрін жинаған. Бүгінде Юрий Печерскихтің мыңнан асатын коллекциясынан күміс пен алтын жалатылған көне сағаттарды да кездестіруге болады. Оның айтуынша, көргендер кейбіреуін аттай қалап қомақты ақшаға сатып алғысы келетін көрінеді. Алайда Юрий Печерскихтің арманы пайда табу емес, сағаттар мұражайын ашу.
Автор: Ұлан Нұрахмет
15.12.2017
-Дәл мына, шағын бөлмедегі қабырға, қалта және қол сағаттарының саны мыңнан асып кеткен. Оның ішіндегі ең көнесі мына ағаштан жасалған қабырға сағаты екен. Ол 19 ғасырдың ортасында шыққанымен әлі күнге дейін сыр бермеген.
Тіпті олардың қатарында әйелдер қауымына арналған жүзік және алқа сағаттарына дейін бар. Коллекционердің айтуынша, ол бұларды 32 жыл бойы жинастырыпты. Мұндағы кеңестік дәуірден қалған сағаттарға 30-40 жыл болса да, әлі жөндеу көрмеген. Ал бұл келушілердің таңданысын тудырады екен.
Юрий Печерских, коллекционер:
-Бәрі қытайлық сағаттарды сатып алады. Ол пластмассадан жасалғандықтан ұзаққа бармайды. Тіпті жөндеугеде жарамай қалады. Кеңес кезіндегі сағаттар әлдеқайда мықты. Әлі күнге дейін оларға қызығатындар бар.
Сағаттар топтамасын көрген кейбір жұрт өздеріне ұнағандарын сатып алуға қолқа салады екен. Алайда ол қомақты қаржы бергендердін өзінің бетін қайтарғанын айтып отыр. Шебердің бар арманы бар арманы баю емес, сағаттардан мұражай ашу болып тұр.
Юрий Печерских, коллекционер:
Мен көршімнің үйін сатып алып, мұражай ашқым келеді. Бізде Өлкетану, Абай және тағы басқа да мұражайлар бар ғой. Тек сағаттардыкі жоқ. Осы ойым жүзеге асса ғой деймін.
Осылайша, сағат шебері өзінің бар жиған-тергенін, мемлекетке тегін беруге дайын екенін жеткізді. Бірақ, оған қойылатын талабы да бар. Өзіне көк тиын түспесе де, арманын жүзеге асыруға қолдау білдіруін сұрап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!